Статистика ВК сообщества "Таңдамалы жинақтар"

0+
Бізде бәрі тек қана қазақша!

Графики роста подписчиков

Лучшие посты

Желтоқсан көтерілісі кезінде маған жоғары жақтан 400 əскери адамның жараланғанын радиодан хабарлау тапсырылды. Анық-қанығын білейін деп, госпитальға бардым. Барсам шетінен басы-қолы байлаулы əскерилер госпитальға сыймай тұр. Қолым сынды деп байланып алған біреуін жаныма шақырып алдым да: «Мынаны ала тұршы», – деп қаламымды беріп едім, əлгі шап беріп ұстап алды.
Негізі, қолы сынған адамның саусағы істемейді. Сосын бас дəрігерді шақыртып алып: «Бұлардың басы-қолы сынса, рентгенді көрсет», – деп едім, жоқ болып шықты. Сосын əлгі солдаттың қолын шешкіздім. Қолын шешсе, түгі жоқ.
Басым жарылды деген бір орысты шешіндіріп едім, жарылмақ тұрмақ бөріткен болса бұйырмасын.
Ақыры анығына жеткен соң госпитальда жатқан 200 адамды түн ішінде түгел шығартып жібердім.
Сол əрекетім Мəскеудегі адамдардың құлағына жеткен.
Артынша мені сотқа бермек болып, дау-дамай басталды.
Көтеріліс басылғаннан кейін маған Мəскеуден Қазақстанда тұруға болмайды деген шешім шығарып, бір-ақ күннің ішінде Ауғанстанға айдап жіберді.
Ол кезде мен елудемін, тіпті немерем бар болатын. Амалсыз Ауған соғысына кете бардым…
генерал-майор Мұрат Қалматаев

8 0 ER 0.4400
Қазақ хандығының тарихында болған маңызды оқиғалардың жылнамасы.
Сақтап алыңыздар.

1465. Қазақ хандығы құрылды. Ел бастаған Керей хан мен Жәнібек хан Шу, Талас алқабына ірге тепті. (Көне Созақ қаласы астана болды дегенде деректер бар)
1465-1470 шамасы. Керей хан билік құрды. Хандық орнықты.
Керей мен Жәнібек Моғолстан ханы Есен-Бұғамен одақтаса отырып, қалмақ (ойрат) шабуылының бетін қайырды.
1465. Керей ханның туы астындағы жұрттың саны екі жүз мыңға жетті.
1470. Керей мен Жәнібек Сыр бойына қайтып оралды. Түркстан өңірінің біраз аймағы Қазақ хандығының құрамына қосылды.
1471-1480 шамасы. Жәнібек хан билік құрды. Хандық нығайды. Сыр-Дария алқабы, Түркстан өңірі үшін қантөгіс майдан ашылды.
1486. Қазақтар Шәйбани ханды ауыр жеңіліске ұшыратып, Хорезмге тықсырды.
1491. Қазақтар екі үлкен ұрыста моғолдарды жеңді.
1510. Қасым сұлтан қысқы соғыста Шәйбани ханды біржола талқандап, ұлыс шегінен асыра қуды. Түркстан уәлаятына қарасты қалалардың көпшілігі Қазақ хандығының құрамына енді.
1511-1520. Қасым хан билік құрды. Ежелгі Көк Орда жерінің басым бөлігі және Жетісу Қазақ хандығының иелігіне айналды, халықтың саны бір миллионнан асып, әскер саны үш жүз мыңға жетті.
1511 шамасы. Қасым хан Қазақ хандығының «Қасқа жол» аталатын ең алғашқы заң жүйесін қабылдады.
1512. Қасым хан Сайрам қамалын алды, Ташкентке жорық жасады.
1521-1522. Момыш хан билік құрды.
1523-1533. Тайыр хан билік құрды.
1525 шамасы. Екі жүз жылдық ойрат-қазақ соғысы басталды.
1533-1537. Тоғым хан билік құрды.
1537, 27 шілде. Сан-Таштағы төрт халықтың соғысында қазақ-қырғыз әскері түгелімен қырылды. Тоғым хан тоғыз ұлы және әскербасы отыз жеті сұлтанмен бірге шәйіт болды.
1556. Бұйдаш хан Ноғай Ордасының шығыс бөлігін Қазақ хандығының қосып алды.
1558. Қазақ хандығы Бұқар хандығын тықсыра бастады.
1559. Бұйдаш хан шәйіт болды.
1538-1580. Хақ-Назар хан билік құрды. Қазақ хандығы ежелгі қуатын қалпына келтірді.
1569. Хақ-Назар хан Ноғай Ордасын қиратып жеңді.
1570. Қазақ хандығы ойраттардың бір бөлігін бодандыққа түсірді.
1579. Хақ-Назар хан Түркстан мен Сауранды, Оңтүстік өңірдегі тағы біраз қонысты қайтарып алды.
1580, 23 көкек. Хақ-Назар хан шәйіт болды.
1580-1582. Шығай хан билік құрды.
1582, маусым. Тәуекел сұлтан Түркстан түбінде Ташкент уәлаятының әміршісі Баба-сұлтанды талқандады.
1583-1598. Тәуекел хан билік құрды. Қазақ хандығы өзінің әскери, саяси қуатының шарықтау шегіне жетті.
1586. Тәуекел ханның Мәуреннахрға қарсы алғашқы шапқыны.
1594-1595. Тәуекел хан Русияға елші аттандырды; жауап елшілік.
1598, жаз. Тәуекел ханның Орта Азияға жеңісті жорығы.
1598, күз. Тәуекел хан шәйіт болды.
1598-1643. Еңсегей бойлы Ер Есім хан билік құрды. Қазақ тарихының қаһармандық кезеңі.
1598, күз. Бұқар-Қазақ бітімі нәтижесінде бүкіл Оңтүстік Қазақстан және Ташкент уәлаяты Қазақ хандығының құрамына қайта қосылды.
1599 шамасы. Есім хан «Ескі жол» аталатын жаңа заң жүйесін орнықтырды. Қазақ хандығының астанасын Түркстанға көшірді.
1603. Екінші қазақ-бұқар соғысы басталды. Айғыр-жар ұрысында қазақтар жеңіске жетті.
1604. Есім хан ойраттарды күйретіп жеңді.
1613. Есім хан Самарқан түбінде бұқар-ауған әскерін талқандады.
1619-1624. Есім хан Шығыс Түркстан үшін күрес жүргізді.
1620. Есім хан ойраттарды кезекті жеңіліске ұшыратты.
1624. Есім хан Ферғанадағы майданда жеңіске жетіп, Екінші қазақ-бұқар соғысын аяқтады.
1627. Есім хан бүкіл алаш жұрты түп көтерілген ұлы жорықта Ойрат Одағын қиратып, босқынға ұшыратты.
1627. Ташкент уәлаятының әміршісі опасыз Тұрсын хан Қазақ хандығындағы азамат соғысына жол ашты, Түркстанды шапты.
1627. Сайрам түбінде Тұрсын хан бастаған екі сан қатаған қазақтар мен Есім хан бастаған үш сан алаш қазақтар арасында қантөгіс ұрыс болды, Есім хан басым түсті, Тұрсын хан әскерінен айрылып, Ташкентке келіп тығылды.
1627. Есім хан Ташкентті алды, Тұрсын ханның басын шапты, қатаған руы жазаға тартылып, қырылғаннан қалғаны басқа рулар ішіне таратылды. Есім хан жазылмас дертке ұшырады.
1635, жаз. Жәңгір сұлтан торғауыт Хо-Өрлік тайшының ұлысын шапты, Жемнен өткеріп, батысқа қарай тықсырды.
1643. Есім хан дүние салды.
1643-1652. Салқам Жәңгір хан билік құрды.
1643, желтоқсан. Қоңтажы Батұр ойрат, халха, торғауыт – бүкіл моңғол жұртынан құралған қалың әскермен Қазақ хандығы құрамындағы қырғыз жеріне басып кірді.
1644, қаңтар-мамыр. Кең көлемді қазақ-моңғол соғысы.
1644, маусым, шілде. Салқам Жәңгір хан екі үлкен ұрыста біріккен ойрат-халха әскерін қиратып жеңді. Соңғы шайқаста қазақ әскеріндегі жаңа шерік – мылтықпен қаруланған алты жүз мерген айрықша көзге түсті.
1644, күз. Салқам Жәңгір хан Ұлы Моғол империясы мен Бұқар хандығы арасындағы соғысқа араласты, Ауғаныстандағы майданға жүз мың әскер жіберді; қазақ аламандары Балх қаласының түбіндегі елу күн бойғы қырғын шайқастан соң соғысты өзбек-бұқар хандығының пайдасына шешіп берді.
1652, қаңтар, ақпан. Хошауыттар қырғыз жеріне тұтқиыл шабуыл жасады. Салқам Жәңгір хан шәйіт болды.
1676-1680. Қазақтар Бұқар хандығындағы тақ таласына араласты.
1680-1715. Әз-Тәуке хан билік құрды.
1681—1684. Сайрам соғысы; Дүрбін-Ойрат Қазақ хандығын ауыр жеңіліске ұшыратты.
1690 жыл шамасы. Әз-Тәуке хан Қасым ханның «Қасқа жол», Есім ханның «Ескі жол» заң үлгілерін жаңғыртып, «Жеті жарғы» аталатын жаңа заң жүйесін енгізді.Төрелерді іркіп, ел басқару ісін билерге жүктеді.
1698. Дүрбін-Ойрат Шу, Талас бойына басып кіріп, Қазақ хандығын шайқалтып кетті.
1411-1710. Ойраттардың жаңа жорығы.
1711. Абылай хан туды.
1712. Қазақтардың ойрат шапқыншылығын тоқтату әрекеті.
1714. Қазақ хандығының Дүрбін-Ойраттан кезекті ауыр жеңілісі.
1715. Әз-Тәуке хан дүние салды.
1715-1718. Қайып хан билік құрды.
1717 жаз. Қайып хан мен Әбілхайыр сұлтан бастаған қазақ әскері Аягөз ұрысында ойраттардан қирап жеңілді.
1718. Ойраттар қазақ жасақтарын Арыс, Бөген, Шаян өзендерінің бойында бет қаратпай жеңіп, бүкіл Оңтүстікті шапқындап кетті.
1718-1729. Болат хан билік құрды.
1723-1725. Ойраттардан түбегейлі жеңіліс, Түркстан, Сауран, Ташкенттен, бүкіл Оңтүстіктітен айырылу, Ақтабан-шұбырынды.
1728. Бұланты ұрысы, ойраттар Сары-Арқадан кері қайырылды.
1730. Аңырақай ұрысы, ойрат шабуылы тойтарылды, қазақтар ес жинай бастады.
1730. Қазақ хандығы дербес ұлыстарға бөлінді; ру, жүз ішінде билердің өкімі күшейді.
1731. Кіші жүздің бір бөлігі мен Орта жүздің біраз руларын билеп отырған Әбілқайыр хан Ресей өкіметімен бодандық негізіндегі әскери және саяси қамқорлық туралы келіссөзге жол ашты.
1733. Әбілмәмбет хан бастаған қазақ әскері ойраттарды ауыр жеңіліске ұшыратты; жиырма жасар Абылай сұлтан атаққа шықты.
1740, қыркүйек-желтоқсан. Ойраттардың Сары-Арқаға жорығы.
1741, қаңтар-наурыз. Ойраттардың кезекті жорығы қысқа соғысқа ұласып, одан ары жазға жетті.
1741, көктем, жаз. Абылай хан ойрат шабуылын тойтарды, өрісін ұзартып, Жоңғардың ішкі аймақтарына жортуылдар ұйымдастырды.
1752, қазан. Екі жүз жылдық ойрат-қазақ соғысындағы бетбұрыс кезең; Абылай хан Аягөз-Нарын ұрысында ойраттардың негізгі күшін талқандады.
1753. Қабанбай, Жанатай, Мүйізді Өтеген, Ер Жәнібек, Бөгенбай батырлар бастаған қазақ қосындарының Жоңғарға қарсы түйдек-түйдек, жеңісті жорықтары.
1754, күз. Абылай хан Дүрбін-Ойратты біржола талқандап, Екі жүз жылдық соғыста түпкілікті жеңіске жетті.
1755, көктем. Абылай ханның Жоңғарды жуасыту жорығы.
1756-1757, Шүршіт-қазақ соғысы.
1756. Абылай хан Қалмақ-Толағай, Аягөз ұрыстарында шүршіт-цин әскерлеріне ауыр соққылар беріп, жазғы майданда тактикалық және стратегиялық үлкен жеңіске жетті.
1757. Цин патшалығының Қазақ хандығына қарсы жаңа жорығы; ауыр шығынға ұшыраған Абылай хан әскердің негізгі күштерін сақтай отырып, кері шегінді.
1757. 15 мамыр. Абылай ханның сенімді өкілі Әбілпейіз сұлтан мен мәнжу-цин қолбасысы Фу Дэ арасындағы уақытша бітім туралы Айдын-Су мәмлесі.
1757, 7 маусым. Цин патшалығы өкілдері мен Абылай хан арасындағы Аягөз бітімі.
1757, қыркүйек, қазан. Абылай хан Бежінге елшілік аттандырды. Тәуелсіз сыйластық туралы келісім.
1760 ж.-дан соң. Қазақтар бейбіт жолмен ата жұрт Шығыс Түркстанға қайтадан қоныстана бастады.
1765, қазан-қараша. Абылай ханның қырғызға қарсы жеңісті жорығы.
1766-1768. Абылай хан Қоқан хандығына қарсы соғыс ашты, Ташкентті бағындарды.
1770. Абылай хан Қырғыз ұлысын талқандап, қазақ-қырғыз шекарасын айқындады.
1771. Абылай хан «Шаңды жорық» соғысында торғауыт қалмақтарды біржола тоздырды.
1771. Абылай хан Түркстанда бүкіл Қазақ хандығының ханы ретінде ақ киізге көтерілді.
1781, мамырдың басы. Абылай хан дүниеден көшті.
1781 ж.-дан соң. Батыс және Орталық Қазақстанда Ресей ықпалы күшейе түсті, біртұтас Қазақ хандығы жеке ұлыстарға бөлшектенді. Ресей патшалығы Орталық және Батыс Қазақстанды біржола отарлау ісін жүзеге асыра бастады.
1801. Бөкей хан Ресей патшалығымен бейбіт келіссөздер жүргізу арқылы Еділ мен Жайық арасындағы ата жұртты қайтарып алды, бұл өңірде Бөкей Ордасы құрылды.
1801-1822. Оңтүстік Қазақстан Қоқан хандығының теліміне түсті.
1822. Ресей патшасының жарлығымен Орта жүзде хандық билік жойылды деп жарияланды.
1835. Абылай ханның шөбересі, болашақ ұлы ғалым Шоқан туды. (1865 ж.өл).
1837-1847. Абылай ханның немересі Кенесары ханның Қазақ хандығын сақтап қалу жолындағы күресі.
1841. Кенесары үш алаштың ханы ретінде ақ киізге көтерілді.
1845. Қазақ халқының ұлы ақыны Абай туды. (1904 ж.өл).
1847. Кенесары хан шәйіт болды. Қазақ хандығы құлады. Қазақ тарихындағы жүз қырық төрт жылға созылған отарлық заман басталды.
Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» кітабынан

29 0 ER 0.5572
Қазақ қызына қырғыз жігіті ғашық болып, сезімін білдіргенде, сонда қазақ қызының айтқан жауабы:

Ұлт

(Қырғыз елінің жігітіне арналған ақ өлең)

-Жақсы қызды жар еткіңіз келеді.
Еліңізге келін болман, себебі:
Том-тарихты ақтарғанда болашақ
Қазақ болып қалу керек дерегім.

Бастарында болғаннан соң «бостандық»,
Қаншама қыз «өзге» жастық жастанды.
Ел болмайтын «жиендерді» көбейтіп,
Қазағыма жасамаймын қастандық …

Зор білекті батыр тусам, қайтемін?
Жар астында жасырынған жау болар.
Дүр жүректі хакім тусам, қайтемін?
Ел арасын алшақтатар дау болар.

Өте білгір әкім тусам, қайтемін?
Қарашадан дара шығып хан болар.
Өткір тілді ақын тусам, қайтемін?
Тамырыма тартып текті жан болар.

Жез таңдайлы әнші тусам, қайтемін?
Өнер шіркін өзге ұлтқа жолданар.
Шеберленген күйші тусам, қайтемін?
Сатқындықтың сорақысы сол болар.


Ұрпағымды сүйгенмен,
Ұлтым үшін күйгенде,
Белгілі ғой жұлдызымның жанбасы.
Әйел-ердің қабырғасы білгенге,
Бір қазағым «қабырғасыз» қалмасын.
Үрдің қызы күтіп жүр-ау сізді де
«Қабырғаңыз» болғасын.

Достық туын желбіретсек…
Достық сөзі сүйерім!ш
(Адал дос деп сізге басты иемін).
…Өзге ұлтта алынбаған өшім жоқ,
Өз ұлтымды өзгешелеу сүйемін.
Сондықтанда, қазақ болсын күйеуім!……..

(с) Гүлсара Шалқар

P. S. “Қыз бұзылса, ұлт бұзылады”, “Қыз тәрбиесі ұлт тәрбиесі”, “Қыздың арын қорғаған ұлттың болашағы зор болады”
Осындай текті, көзі ашық, көкірегі ояу, тәрбиесі мол қазақ қыздары көбейе берсін!….

7 2 ER 0.3769
БОЗАЙҒЫР……

«Қалмақ ордасы талқандалғаннан кейін, қалмақтың ең соңғы ханзадасы Галдан-Цереннің ұлы Әмірсана азғантай нөкерімен келіп Абылай ханды паналайды.
Алайда Ресей мен Қытай сияқты ұлы империялар Әмірсананы қайтаруды талап етіп Абылай ханға қайта-қайта хат жазады, елшілер жібереді.
Ақырында Абылай хан: Қарағым, мен енді сені ұстап отыра алмаймын. Сені үлкен елдер сұрап отыр, қол-аяғыңды байлап және ұстап бере алмаймын.
Әкең Қалдан-серіге берген сертім бар еді. Сондықтан, қасыңа жүз нөкер берем, қару-жарақ берем. Жолыңды тап, алдыңнан Тәңір жарылқасын, Қолымнан келгені осы» деп ханзаданы шығарып салады.
Кейіннен Әмірсана атысып-шабысып жүріп әйтеуір бір жерде өлді деген хабар жетеді.
Сол кезде Абылайдың ордасына Қытайдың үлкен елшілігі келеді.
Дастархан үстіндегі дәстүрлі қабылдау кезінде Қытайдың бас елшісі Абылайға қаратып; «Менің Боғды ханым қалмақтың бүлікшіл ханзадасы осы қазақ жерінде өлді деп естіп мені сізге аттандырды.
Боғды ханның сізге айтар тілегі, қазақ жеріне жиырма мың Қытайдың әскерін кіргізуге және ол әскерге Ертістің суын сүзіп, орман-тоғайды аралап Әмірсананың мүрдесін іздеуге рұхсат етсе екен дейді.
Бұған не дейсіз, Хан» дейді. Абылай ештеңе демейді, тек бар болғаны «Ас алыңыз, қонақ» дейді.
Небір уақыттан кейін өзінің оң тізесін басып отырған Байжігітке қарап әлдебір белгі береді. Байжігіт домбырасын алдына өңгеріп елшіге қарап «Құрметті елші, қазақта күйдің тарихы деген болады.
Мен сізге «Бозайғыр» деген бір күй тартып берейін» дейді. «Баяғыда жау келіп, елді шауып, көп жылқыны айдап кетеді. Сонда жылқының құты – Бозайғыр үйірінен бөліне қашып, туған жеріне қарай тартады, Жаулар қанша ат ауыстырып мініп қуса да Бозайғыр қара шалдырмай кетеді.
Сонда Бозайғыр туған жерінің өртенген жұртына келіп, артқы аяғын қағынып, күңіреніп тұрғаны екен.» деп бір күркіретіп тамаша күй тартады.
Ертеңінде Қытайдың елшісі ханның қабылдауына қайта келеді. Мәжіліс үстінде «Ал, хан, біздің кешегі тілегімізге не айтасыз мен өзімнің әміршіме не жауап айтып барайын» дейді.
Абылай хан жайбарахат қана» жауабы кеше берілді емес пе?» дейді. Сырын терең сақтайтын, бет әлпетінен ештеңе біліне қоймайтын қытай елшісі құрметпен бас иеді де шығып жүре береді.
Енді хикаяның екінші тармағы Қытайдың Боғдыханының сарайында өтеді. Қазақ ордасынан қайтып келген елші болған жайдың барлығын баяндайды да, ең соңында «қазақ ханы неге екенін білмеймін, сіздің тілегіңізге жауап қайтармады.
Жауап кеше берілді деп қоя берді» дейді. Қазақ ордасының жай-жапсарына әміршілерінің бедел-салмағына, қазақтың әдет-ғұрпына қанық Боғды хан елшіге «қабылдау кезінде қандай билер мен сұлтандар болды, кім қай жерде отырды, табақтың тартылу реті қалай болды» деп сұрайды. Елші болған жайдың бәрін тәпіштеп айтып береді.
Боғды хан ойланып отырып «Дастархан басында күй тартылды ма?» дейді. «Я, тартылды» дейді елші. «Нендей күй, кім тартты, хикаясы қандай?» дейді Боғдыхан. Елші «Күйдің аты Бозайғыр» екен.
Хикаясы пәлен-пәлен екен. Күйді тартқан адам Абылай ханның уәзірі Байжігіт мырза дейді. Боғдыхан біраз уақыт мүлгіп ойланып қалады. Ақырында «Дұрыс, Абылайдың жауабын мен түсіндім.
Оның айтпағы Әмірсананы іздеген болып, ел ішіне әскер кіргізесің. Басқаны бағындырсаң да Бозайғыр сияқты асау қазақты бағындыра алмайсың деген екен» дейді.
Ғани Әжібек.

9 0 ER 0.3430
ЖИЕН

Кейінгі кезде қыздан туған жиенді немере дейтіндер көбейді. Жиен десе өзекке теуіп өгейсітіп алатындай, одан гөрі немере десе жанына жақынырақ болатындай көреді. Қай қазақтың тарихында, қай қазақтың ауыз әдебиетінде жиенді немере деп атаған еді? Бұл бір болмашы түсінбеушілік емес, үлкен қателік дер едім. Жиен мен немере атауының түсінігі екі бөлек. "Жиен" деп қыздан туған баланы атайды. Жиен қазаққа сол "жиен" атымен құрметті. Жиен -жиен атанғаннан кеміп қалмайды, керісінші қазақ қыздан туған баланы "жиен" деп ерекше еркелетеді. "Жиенді ұрғаның қолы қалтырайды", "Жиеннің наласы жаман" деген тыймдар арқылы ерекше қамқорлыққа алған. Жиен сұраса бетін қақпай қалауын берген. Тіпті, жиеннің қалаған затын сұраусыз алуға да мүмкіндігі бар. Мұндайға қазақ өкепелемейді, "Е, жиен жиендігін жасаған ғой" дейді де қояды. Ертеде Қарсақ деген бай болған деседі. Қарсақтың жанынан артық көретін айтулы жүйрік бәйге аты болады. Рулы елдің абұройна айналған байдың жүйрігін өзге түгілі өз балалары да мінуге батпайды екен. Сол жүйрікті бір күні Қарсақ байдың туған жиені сұраусыз мініп аяғын шаптырып әкеледі. Ах!, деп қалған байдың ағайындары айғай шығармақ болғанда Қарсақ бай "жиенімғой тимеңдер. Қыздың наласына қалмайық" деп елін өзі тоқтатқан екен. Сол жиеннің орнында байдың кіндігінен тараған көп ұрпағының бірі болса әрине оны қамшының астына алар еді. Ашулы Қарсақ бай өз ұлының немесе келінінің көңіліне қарап жатпас еді. Мінекей, жиен мен немеренің айырмасын осыдан ажыратыңыз. Атақты Ақан серіге нағашысы Құлагерді бергенде болашақ тұлпарды танымай берген жоқ. Жиеннің қалауы сол болған соң берді. Аталы жолдан аспай болшақ тұлпарға құрық салдырды. Бұл дәстүрді "Жиен құрық" деп атайды қазақта. Ел арасында мұндай мысалдар көптеп кездеседі. "Қалауың болсын жиен!" деп мырзалық танытатын мәрттік тек қазақтар арасында ғана қалыптасқан. Бұл кешегі мен бүгінгінің әңгімесі емес. Түбі тіптен әріде жатыр. Сондықтан қыздан туған баланы "ЖИЕН" деген өзінің әдемі әрі ерке атауымен атаған абзал.

Айдар ТЕМІРБЕКҰЛЫ. Созақ.

11 3 ER 0.3263
МЫСЫҚТЫҢ ҚАСИЕТІ………

"Пайғамбардың өзі етегінде ұйықтап қалған мысықты оятпай,шапанын ойып кесіп тастап кеткен ".
Мысықты үлкен биіктіктен жерге лақтырғанда аман қалуы, ауада төрт аяғын төрт жаққа жаю арқылы физика заңдылығын сақтауы да оның ерекше қабілетін көрсетеді.
Мысықтың биоөрісі көптеген ауруларға ем. Сонымен қатар сенімді дос.
Ертеде әйелдер колхоз сиырын сауатын бір әйел екі жасар баласын жалғыз қалдырып, нан мен суын жанына құйып, баласын аяғынан байлап кетеді екен.
Бір күні кешке келсе, мысығы жүні жұлынған.
Келесі күні үсті- басы қан. Соны көріп әйел мысықты сыртқа шығарып, есікті жапқанда, ол есікті тырмалап мияулайды. Бірақ әйел мән бермей жұмысына кетеді.
Кешке келсе "сасық күзен" баласының жарты денесің жеп қойыпты. Сонда мысық екі күн сәбиді қорғап, күзенге бермеген.
Әкем Матай айтқанда, сол күні қатты қорқып, үйде жалғыз қалмаушы едім. Кейде сол сәбидің шырылдап жылағаны құлағыма келетін...
Не көрмеді қазақ?
Қиындықтың бәрің көрсе де, жер бетінен жойылған емес.
Қазақ Ұлы халық!
Амандық болсын!
Райхан Матай.

7 2 ER 0.3100
АҚЫН МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ ҰЛЫ ЖҰЛДЫЗ МҰҚАҒАЛИҰЛЫНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Әкем өлеңді өзінің жеке бөлмесіне отырып жазатын. Аузына насыбай салып алатын, көк шапаны болды, соны желбегей жамылып отыратын. Үстелді кеудесіне тіреп отырып алатын еді. Сосын жазып біткесін жайраңдап келіп, анамызға оқып беретін. Оқитын да, "Лашын, қалай болыпты?" деп күлетін. Ең алғашқы төреші — анамыз-тұғын.
Әкем көп жағдайда қолдау таппай қалатын. Ондай сəттерде анамыз Лашын басу айтатын. "Бəрі дұрыс болады" дейтін. Сəл мұңайып отырып, əкем еңсесін қайта көтеретін. Сондайда бөлмеде ерсілі-қарсылы адымдап: "Əй, мені түсінгісі келген адам өлеңдерімді оқиды. Ничего, төрт миллион қазағым аман болса, мен ешқашан өлмеймін", — дейтін.
Əкем өзінің өлетінін сезді. Ауруханадан дəрігерлер "мүлдем үміт жоқ" деп шығарып жібергенде, Комсомол-Космонавт көшелерінің қиылысындағы аялдамада ұзақ отырды. Көзін бір нүктеге қадап, үнсіз отырды. Сосын үйде бір күн ғана болды. Ертесі қайта əкетті.
Қайтқан күні жаңбыр құйып тұрды. Табиғаттың өзі жылап тұрған сияқты…
1999 ж.

5 1 ER 0.2734
ЖАҢБЫР НЕГЕ ЖАУМАДЫ..?

Баяғы өткен заманда жауын жаумай, өзендер тартылып, көлдер сарқылып, бұлақтар суалып, қара жер қуарып, малдар жұтап, халық қиналып елде жұт болыпты.
Халық ауыл-ауыл болып Алладан жаңбыр сұрап тасаттық беріпті.
Бірінші, тасаттықта жауын жаумапты, қайта аспандағы азғана бұлтты жел айдап кетіпті. Ауыл үлкендер "тасаттыққа дәретсіз келген адамдар болды, жауын содан жаумады" деп пәтуә жасапты.
Екінші рет ауылдың бәрі, дәреттерін алып тазалынып келіп, тағы да тасаттық беріпті. Бірақ жауын жаумай, ет жей бергенде шаң көтеріліп кетіпті.
Көрші ауылдан келген молда: "Сендер тасаттықтың намазын оқымадыңдар, бәрі содан болды" депті.
Ауыл ақсақалдары "дұрыс екен" деп мақұлдасыпты.
Үшінші рет ауыл болып, тасаттық намазын оқып, тасаттықтың барлық шартын орындап, үшінші рет қайта тасаттық жасапты.
Бірақ тасаттықтан соң дауыл тұрып, көз көрсетпей ала шаң борапты.
Амалдары таусылған ауыл ақсақалдары тағы жиналып ақылдасып, көрші ауылдағы құран ашатын 90 жастағы ақсақалға барыпты.
Қария дәретін алып келіп құран ашыпты. Ақсақал: "Ауылдарыңда бір жетім бала бар екен. Сол бала тасаттық сайын жауын жаумасын деп Аллаға жалбарынады екен депті. Алла сіздердің емес, жетім баланың тілегін қабыл алып тұр".
Ақсақалдар мүмкін емес деп шошып кетіпті.
Бәрі жиналып әлгі жетім баланың үйіне барыпты.
"Сен бала неге жауын жаумасын деп жүрсің, ауылға не өкпең бар? " деп сұрапты.
Сол кезде әлгі жетім бала: " Менің жасым 10-да, 1 іні, 1 қарындасым бар. Ата-анамыз қайтыс болғаннан бері біздің үйдің есігінен ешкім қараған емес, үйіміздің төбесі тесік, жауын шықтаса жататын жер таба алмаймыз, жауын жауса үйдің төбесі құлап кете ме дер түнімен ұйықтамай қорқып жылап отырамыз.
Сіздер Алладан малдарыңыз үшін жаңбыр тілейсіздер, біз - жетімдер жандарымыз үшін Алладан жауын жаумаса екен деп тілек тілейміз" депті.
Жетім баланың жауабын естіген ауыл ақсақалдары кірерге жер таба алмай қатты ұялыпты.
Келесі күні ауыл болып жабылып, үйінің төбесін қайта жауып беріпті. Үйдің төбесі жабылып бола бергенде ақ жаңбыр жауа бастапты. Содан сылбыр жауын, үш күн, үш түн тоқтамастан жауыпты.
Жер көгеріп, мал семіріп ауыл халқы молшылыққа кенеліпті.
"Жерде жетім налыса, көкте періште қайғырар" деген осы болар.
Ақиқаты керек, соңғы кездері адамдардың пейілі тарылып бара жатқанға ұқсайды...
Қазір қаншама жетімдер жылап жүр десеңші..

Жәнібек Қожық
Маңғыстау облысы, Онды ауылы
22.12.2021 жыл

5 6 ER 0.2829
Досмұрат деген кісі ашу үстінде қамшысын қаттырақ сілтеп қалса, ажал аяқ астында деген, адам өледі. Өлген адам қыпшақ еді. Арада бір қыс өткен соң 56 қыпшақ кісі келіп, Досмұраттың үйіне түседі. Ол кезде қазақтың салт- дәстүрі қатал. Жазықсыз кісі өлсе, қанға- қан, жанға -жан деп қасарысып тұрып алады. Екі жақтың биі қатар отырып дауласуға көшеді.
- Ей, Досмұрат , қыпшақта ұзында өшің, қысқада кегің бар ма еді?- деп сұрады 56 адамды бастап келген қыпшақтың биі.
- Жоқ, кегім де жоқ, өшім де жоқ- дейді Досмұрат.
- Олай сұраған себебім, кегің, өшің болса қайтарсын деп келіп едім. Ендеше неге кісі өлтіресің?
- ,,Оқыс болса, быламыққа тіс сынар,,- дегендей, ашу үстінде қате тиген қамшы еді, айып- мінімді мойындап, мал- дүниемен бітіселік- дейді Досмұрат.
- Мал -дүниемен бітісе берсек, қыпшақтың далаға тастай алмай жүрген адамы жоқ. Азаматымыздың басына бас бересің, не тұрысатын жеріңді айт, не қанға қан- дейді қыпшақ биі.
Сөйтіп екі жақ келісе алмай, аға баласы еді ғой деп тобықты Мамашәріп биге кісі жібереді. Мамашәріп келеді. Мән -жайға қанған соң Досмұратқа қарап:
- Қыпшақ ағаң тоқсан баулы, көп ел екенін білесің бе? - депті.
- Білемін - депті.
- Білсең көппін деп мақтанғаны емес. Көппін деп азаматын сұраусыз , құнсыз тағы жібере алмайды. Қанша жерден көп болса да әр азаматының орны бөлек. ,,Жоғалған пышақтың сабы - алтын,,,- деген, өлген азамат құнсыз кетсе қадірінің кететіні белгілі- деп Досмұратты біраз тұқыртып алған соң, қыпшақтың еліне арнап былай дейді.
- Азаматты іздеу инабатты елдің салты. Ата дәстүрін берік тұтынған ел екеніңді көріп отырмын, шырағым. ,,Елдестірмек елшіден, жауластырақ жаушыдан,, -деген, екеуіңнің араңа енді кәрі қойдың жасындай жасым қалғанда жаушы емес, елші болып отырған жағдайым бар. Сөзімді тыңдасаң, мен мынаны айтқым келеді.
- Би, айта беріңіз, құлағым сізде- дейді қыпшақтың биі.
- Айтсам азамат өлгені рас. Ол қастандықпен жасалған іс емес екенін біз де біліп отырмыз. Бізден гөрі өзің де жақсы біліп отырсың. Қазақ ,,қанға қан,, дегенді ата жауына айтқан. Алдыңда отырған Досмұрат ата жауың емес. Ауылы аралас, қойы қоралас ағайын, құда, жегжат ел. Араға шайтан от салып, осындай ахуалға іліктірген екенсіңдер, енді сабаға түсіңдер. Азаматтың басын малға шағуға болмайды. Бірақ, даулап мен саған Досмұраттың басын берсем, бұл істің сонда ертеңі не болады?
- Ертеңі не болсын, сонымен дау -дамай бітеді!- дейді қыпшақ биі.
- Жоқ, дау онымен бітпейді. Кесірлі даудың ұзындығы- Ніл дариядай, үлкендігі- Қап тауындай. Қап тауына өрмелеп жылан да шығады. Сен жылан емес, қыран болуға лайық жігіт екенсің - деп бір тоқтағанда, қыпшақ биі:
- Ақсақал, онымен не айтқыңыз келді?- дейді.
- Айтқым келетіні, сен бүгін ,,қанға- қан,, деп Досмұраттың қанын төксең, ертең оның соңында қалған бала өседі, кәмелетке келеді. Жан- жағына қарайды, жарау атын мінеді, жал- құйрығын тарайды, әкем қайда деп сұрайды емес пе? Әкесіз бала әкесін бұлдап сенің ұлыңа бармас па? ,,Жетім қозы тас бауыр, отығар да жетілер,,. Найза алып, сарбаз топтап , сан тараптан қол жиып, сары қымыз сапырған, салқын сарай салдырған сенің балаңа келмес пе? Бұхар жырау айтты деген сөз бар:
Рулының оғы қалса табылар.
Жалғыздың тартатұғын жағы қалса табылмас.
Әкелі бала жау жүрек,
Әкесіз бала сұмжүрек
Жиын болса бара алмас,
Барғанменен орын ала алмас.
Екі көзі жәудіреп
Тұлымшағы салбырап.
Әкелі бала жау жүрек
Жиын болса барады
Барып орын алады
Бітірер сенің дауыңды
Қайтарар сенің жауыңды.-
дегендей, жетім тартқан жебе жеті ықылым жерге жетеді. Қанды қанмен жусақ білгеніміз қайсы, ұрпаққа кетер дау қалдыру деген сөз өмір бойы өзара бітіспес жау қалдыру деген сөз.
- Олай болса, беретін құнын айтсын- депті қыпшақ биі.
Сөйтіп Досмұрат мал беріп құтылады. Мамашәріп екеуін жарастырып, ақсарбас шалып, қонақ етіп таратыпты. Екі ел арасы татуласып, кейін қайта араласып кетеді.
,,Даланың дара ділмәрлары,, кітабынан.

7 0 ER 0.2617
ПЫШАҚ

Бір адамның өмір сүруге деген құлшынысы кеміп, бүкіл жолы жабылып, түңілердей болады. Өзін ешкімге керек еместей сезінгеннен өткен азап бар ма? Үйіндегі жылтыраған заттың бәрін сатып жіберген. Содан күнделікті нан-суын тауып іше алмайтындай төменге түсіп, шың басынан шыңырау құзға құлдырап, түпте мас күйде бұлдырап жатқанда көзіне керует астындағы ескі қобдиша түсті.
"Әй, мынау менің бір кездегі қобдишам емес пе? Осының ішінде не бар екен? Сатуға тұратын бір зат табылса жақсы" деп жорғалап барып, керует астына қолын созып, шаң басып, мың қабат сүмелекпен баттасқан көне қобдишаны суырып алып ішін ақтара бастады. Жөнді ештеңе қолына ілікпеді. Қисық шеге. Сабы жоқ балға. Кәкір-шүкір. Тек қынабында жатып тот басқан пышақ қана назарын аудара берді.
"Мынаны тазартып, қайрап алсам, сонда бір жартылыққа жететіндей пұл құрар, ә?!" деп таттан жүзі көрінбей қалған кездікті жеңіне сүртті. Одан қайрақ іздеді. Қобдишаның түбінен сынық қайрақ тауып алды. Пышақты соған қайрады. Одан сыртқа шығып, құммен тазалады. Есігінің алдындағы тасқа жаныды. Қайтадан қайраққа салды. Өстіп біраз терін төкті. Әбден таттанып, пышақ екені білінбей қала жаздаған дүниенің пішіні шыға бастады. Не керек өзі де бұрынғы бесаспап шебер емес пе, пышақты татынан арылтқанша бірнеше күн қайрады. Жүзі жарқырап, өзі сондай үшкір, жүзі қылпып тұрған өткір пышаққа айналған күні өз ісіне көңілі толған бейбақ
"О, енді ұсқының кірді. Сені сатып алатын адам табылатынына сенімдімін. Мынадай өткір пышаққа бір шөлмек емес, бір жәшік арақ алатын шығармын" деп ойлады. Ол сөйтіп тұрғанда көршісі жетіп келді.
- Көрші, сенің мал соятын өнерің бар еді ғой. Құрбан айт кезі, бір үлкен сек әкелгенмін, соятын қасапшы таппай отырмын. Көмектесіп жіберсейші. Мә, қолыңда керемет кездік тұр ғой. Біздің үйде не көп, пышақ көп, бірақ мынадай алмас емес, - деп бұны қояр да қоймастан ауласына апарды. Аз уақыттың ішінде секті сойып, мүшелеп берді. Көршісінен алғыс алды. Үйінде қонақ болды. Дастархан басында мұның шебер мал союшы екенін естігендер, айттың қалған екі күніне өздеріне шақырып, пышағын әбден сынады, әрі ең жақсы іске жұмсады. Адамдар алғыспен қоса, қалтасына ақша салды, құрбандыққа шалған малдың етінен ет те бөліп берді. Аз күннің ішінде үй-ішінің әл-ауқаты оңалып, өзгеріп қалды. Содан бұрынғы шебер пышағын ұстап отырып ойланды. "Сен ғой тот басып пәлен жылдан бері аяқ асты жаттың. Мен сені іздемедім. Мен бүліндім. Сені басқан тот мені де оңдырмай басты. Жүрегім қарайды. Бар жақсы қасиетімнен айырылдым, білген өнерім де ұмытыла бастады. Сені қалай тауып алып, таттан тазарттым, сол сәттен бастап сен пайдаға астың. Адамдарға көп пайдаң тиді. Сенің арқаңда мен де жұрттан жақсы сөздер естідім. Мен түсіндім. Мен де тап сен сияқты іші-сыртымдағы таттан тазалануым керек екен" деп адам дұрыс жолға қайтып оралды.
Көп уақыт өтпей тұрмысы түзелді. Байыды. Ел-жұрт оны сыйлайтын, құрметтейтін болды. Қас шебердің қолына қайта оралған өткір пышақ осылай иесін жөнге салды, түзу жолға түсуіне себеп болды.
Иә, кейде түзу жолынан адасып жүрген адамға біздің бір жылы сөзіміз, алмастай жарқ етпе қылығымыз керек болып тұрады. Жамандыққа жұмсалмайтын өткір пышақ та, жылы құшақ та бола білейік.

Мұнайдар Балмолда

10 1 ER 0.1962