Статистика ВК сообщества "Қорқыныш Жанында™"

0+
➕20 000✅✊

Графики роста подписчиков

Лучшие посты

✏Боранда адасқан атамды әкесінің әруағы құтқарған екен.
Өз басынан өткен осы бір оқиғаны атам әкеме айтып берген екен. Оқиға өткен ғасырдың 60-шы жылдары орын алған.

Қатесі болса, кешірім өтінем. Тақырыпты өздеріңіз қойып, қатесін түзетерсіздер деп ойлаймын.

«Ол кездері ауылда көлік былай тұрсын, аттың өзі аз болды. Көрші ауылда жиын-той болса, жаяу барып қайтатынбыз. Кейде ауылға жеткенде таң атып кететін. Сондықтан болар, ата-анамыз, «егер түнде далада қалып қойсаңдар мазаратқа барып түнеңдер, мазаратта жын-шайтан болмайды» деуші еді. Сол кездері әр үй ауыл малын кезекпен бағатын. Әкем қайтыс болған соң қойдың кезегіне мен барып жүрдім. Үйде ат жоқ, сондықтан, жаяу бағам. Қараша айының соңы болатын. Қойдың кезегі тағы да бізге келді. Жерде қар аз болғанмен, қара суық болған соң, үстіме әкемнен қалған үлкен жағалы, ұзынетек тонды киіп, нан-суымды алып, ауыл малын өріске айдадым. Жайылған малдың соңынан еріп, ауылдан ұзап кеттім. Түс мезгілі болғанда, асымды ішіп болған соң, қисайып жатып ұйықтап қалыппын. Қанша ұйықтағанымды білмеймін ысқырған желден ояндым. Қар ұшқындай бастапты. Жан-жағыма қарасам, қой көрінбейді. Із кесіп, қой кеткен жаққа қарай бет алдым. Жүріп келем, қой көрінбейді. Қар мен жел күшейіп, борандата бастады. Бағанадан қар үстінде көрініп жатқан қой іздерін енді қар жауып тастады. Кеш болмай қойды тауып алайын деп сол бағытпен алға қарай асығып жүрдім. Дөңес жер көрінсе, үстіне шығып жан-жаққа көз жіберем. Қой көрінбейді. Сөйтіп жүргенімде кеш түсіп, боран күшейді. 15-20 метрден әрісі көрінбейді. Бетті қарыған ызғырық суық жел бас көтертер емес. Адасқанымды сездім. Ендігі мақсат - пана жер тауып, боранның басылуын күту. Әйтеуір бір бағытты бетке алып жүре бердім. Әбден шаршадым. Боранның басылар түрі жоқ. Қорықыныштан ба қасқырдың ұлыған даусы естілгендей болады. Қасқыр кез болса, не боларын бір құдай біледі. Далада жалғыз қалған адамдарды қасқыр жеп кеткені туралы талай естігем. Бар сенген қаруым - шопан таяқ. Бір жерге келгенде қалың қарағанға тап болдым. Қарағанды паналап біраз тынығып алдым. Бір кезде қараңдаған бірдеңені көзім шалғандай болды. Алғашында қой екен деп қуанып кеттім. Орынымнан атып тұрдым. Қой емес, түлкі екен. Неге екенін қайдам, бәрін ұмытып, бар ойым сол түлкіні ұрып алу болды. Сол оймен ақырын басып түлкіге қарай жүрдім. Жақындасам, түлкі анадай жерге қашып барады, бірақ ұзап кетпейді. Сөйтіп түлкінің бұлаңына еріп артынан жүре бердім. Түлкінің соңынан қанша жүргенім білгісіз, бір кезде бейітке кез болдым. Бұрын ауыл маңынан мұндай бейіт көрмегем. Осы кезге дейін мазарат маңынан түнде жүруге қорқатынмын, бірақ бұл жолы қорқыныштан қуанышым басым болды. «Боранда қалып, тоңып өлмеймін, бейітті паналаймын» деп қуандым.

Бейіттің іші жып-жылы сияқты көрінді. Әрі құрғақ. Аздап бойым жылынған соң ойыма бағанағы түлкі түсті. Тысқа шықтым. Бірақ бағанадан менен ұзап кетпей жүрген түлкі көрінбеді. Әрі-бері қарадым, жоқ. Сосын қайта бейіт ішіне кірдім. Қатты шаршағандікі болуы керек бойым жылынған соң ұйықтап кетіппін. Түс көрдім. Түсіме әкем кіріпті. Сол баяғы қалпы. «Балам енді тұр, үйге барайық» дейді. Мен болсам «әке кішкене тынығып алайыншы, қатты шаршадым» деймін. Әкем қатқыл үнмен «қазір тұрмасаң, бойыңды суық қарып, сосын тұра алмай қаласың, тұр» дейді. Көзімді ашсам, алдымда әкем тұр. Құшақтамақ болып едім, ол маған қолын тосып, тоқта дегендей ишара жасады. Соңымнан ер дегендей белгі беріп, бейіттен шықты. Мен әкемнің соңынан ердім. Әкем 5-6 метр алда келеді. Сөйлемейді. Артына да бұрылмайды. Түсім бе, өңім бе ұқпай келем. Әкем қайтыс болған еді ғой?! Әкем мұнда қайдан жүр?! Біраз жүрген соң «әке әлі ауыл алыс сияқты, кішкене тынығып алайыншы» дедім. Әкем үн қатпайды. Қолын бұлғап, соңымнан ер дегендей белгі береді. Соңынан еріп келем. Бір кезде әлім құрып, отыра кеттім. Әкем қасыма келіп орнымнан тұрғызды. Мені қолтықтап алып, алға қарай жүрді. Сәл жүрген соң ауыл көрінді. Қуаныштан бойымды күш кернеп, жылдам басып, әкемнің алдына түсіп алдым. Үйге де жеттік. Сырт қорғанға сүйеніп, артыма бұрылсам, әкем жоқ. «Әке» деп айғайлайын десем дауысым шықпайды. Кейін қарай жүріп, әкемді іздейін десем, аяқта әл жоқ. Буыным босап, жерге құладым.

Құлағыма алыстан бір дауыс есітілгендей. Біреу жұлқылайтын сияқты. Көзімді аша алмаймын. Бір кезде анамның жылаған дауысын естідім. Көзімді аштым. «Тұршы Бекен» деп, анам жылап тұр. Одан әрі есімде жоқ» деп атам әкеме басынан өткен осы бір әңгімені айтып берген екен.

Әкемнің айтуынша, таң ата мал жайлауға шыққан анасы есік алдына ес-түссіз жатқан баласын (Бекен атамды) көреді. Анасы, қарындасы, інісі үшеулеп Бекен атамды үйге көтеріп кіргізеді. Атам бір тәулік есін жия алмай жатыпты. Тек келесі күні көзін ашады. Содан кеудесіне суық тиіп, бір ай төсек тартып жатады. Атам 56 жасында сол өкпе ауруынан қайтыс болған екен.

Кейін белгілі болғандай, атам паналаған бейіт бір атақты бидің бейіті екен. Сол бейіт бүгінде де ауылдан үш-төрт шақырым жерде жалғыз тұр. Қазір күмбезі қайта жөнделген. Жан-жақтан адамдар келіп, сиынып, бейіт басына түнеп жатады. Біз де ауылға барғанда міндетті түрде сол бейіттің басына барып, құран бағыштаймыз. Атамды ажалдан алып қалған, сол қасиетті би атаның аруағы шығар?! Егер сол кезде атамыз аман қалмаса, біз де болмас едік.

Арғынбек, Шығыс Қазақстан.

0 3 ER 0.1073
✏Ажалды көрген жігіттің оқиғасы.
Бұл жігітпен мен Артем базарының маңында орналасқан Сәдуақас Ғылмани мешітіне барған сайын ұшырасам. Екі аяғы болғанымен жүре алмайды, мәжбүрлі түрде арбаға таңылған жан. Құдайын танып, тәубасына келген жігіттің есімі - Ғизат еді.

«Мен ата-анамның жалғыз баласы едім. Әкем темір жолда үлкен бастық болды» деп бастады әңгімесін ол.

Тумысынан өте ерке бала болып өскен екен. Не ішем не киемін демеген, бәрі ол үшін оңай болды. Мектеп бітірген соң Лондон қаласына оқуға аттанады. Әкесінің байлығы да аз емес еді. Ол жақта тіл мектебінде ақылы оқу оқыса керек. Тұратын жері, ішетін тамағы, киімі үшін ата-анасы ай сайын ақша салып тұрады.

«Оқу оқиды деген атым ғана. Өмірі сабаққа бармаймын. Өзім сияқты ауқатты отбасының балаларын кездестіріп, солардан дос та таптым. Күні-түні қыдырамыз. Клуб, қыдыру, қыздар. Енді шөп шегуді де үйрендік. Осылайша күндер өтіп жатты. Жаз уақыты болып, оқуымды аяқтамастан, елдің балалары сияқты каникулға келдім. Әке-шешем мені оқу оқып шаршады, алыста жүріп қиналды деп каникулға келгенде бірден салоннан ең қымбат көлікті де сатып әперді. Осылайша жаз бойы қыдырыс, ішімдік ішу, анаша шегу, қыздармен қыдырумен уақыт өтіп жатты. Қалада да достарым көп еді. Ақшаның қайдан келіп жатқанында шаруам жоқ, шашуға келгенде шебер едім. Осылайша бір күні екі досыммен Бурабайға барып, казино ойнап қайтуды шештік. Қалтамызға ақшаны салып алып, менің машинаммен жолға шықтық. Ол кезде қазіргідей автобан емес еді. Аздап ұрттап алғанымызда бар. Музыканы қатты қосып, еліріп, машинанын жылдамдығын арттырып келе жатқаным есімде...

Қайда жатқанымды, не болғанын білмеймін. Ештемені сезбедім. Ұшып жүргендеймін. Не өлі не тірі екенім де белгісіз. Денемнен жаным ұшып, өзіме жасап жатқан операцияны да сырттай бақылап тұрмын. Бір кезде қап-қара көз көрдім. Ол түстің қаралығын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Өмірімде ондай үрей, ондай қара түс көрмеген мен қаша жөнелдім. Бойымды үрей мен қорқыныш билеп, аурухана ішін айналып қаша бердім. Алайда алысқа ұзай алмадым. Бірақ бойымдағы қорқыныш кетер емес.

Қанша уақыт өткенін білмеймін, бір уақыттарда мен бір дауыс естідім. Сол ажалдан, қара түнектен мені сол дауыс құтқарды. Сол дауысты естігенде мен көзімді аштым. Өмірі Аллаға сенбеуші едім. Тіпті бір рет те Алланы аузыма алып көрмеппін. Атеист болдым. Оянғанда кәлима айтып ояндым. Қайдан жаттадым, қайдан естідім, қалай аузыма түсті ол маған жұмбақ. Сол уақыттан бері мен намазға жығылдым. Жаным намаздан рахат тапты. Өмірде ең маңызды Аллаға сыйыну керек екенін ұқтым. Мен мүлдем өзгердім. Ата-анамның айтуы бойынша біз жол апатына түсіп, қасымдағы екі жігіт қайтыс болыпты. Мені шала жансар күйімде ауруханаға әкелген. Дәрігерлер өмір сүруіме жиырма пайыз ғана үміт берген екен. Мен 15 күн комада жатып, тіпті, бірнеше рет ота жасалыпты. Содан 15 күннен соң менің жағдайым жақсарып, Алла қуат беріп, ешкім күтпеген таңғажайып оқиға болып, мен көзімді аштым. Сол дауыстың құдіреті, сол дауыс мені ажалдан құтқарды. Бірақ не дауыс екені есімде жоқ. Сол оянған күн менің екінші өмірім басталаған күнім болып мәңгілік отбасымыздың есінде қалды. Мен үшін ақшаның бир тиындық құны жоқ. Ата-анам да қазір бес уақыт намаз оқиды. Қажылыққа да барып келдім. Мен өзімнің мүгедек күйіме еш өкінбеймін. Мен өмір сүріп жүргеніме, Алланың бір минуттық тыныс сыйлағанына тәуба деймін. Маңызды емес саусың ба, мүгедексің бе ең бастысы - Алланың берген ең үлкен сыйы адам болып өмір сүру», - деп аяқтады әңгімесін Ғизат.

Есболат Ақылбергенов, Астана.

1 0 ER 0.0715
✏Анасының әруағымен тілдескен жігіт.
Кішкентай кезімде өзімнен бір-ақ жас үлкен әпкеммен ойыншыққа таласып, жиі ұрысып қалатынмын. Сонда әжем «Құлыным, адам баласы бұл өмірге қонақ болып келген. Жер бетіне мәңгі тұрақтау ешкімнің маңдайына жазылмаған. Араларында сыйластық болсын. Бір-біріңді ренжітпеңдер!» деп айтатын.

Бірақ ол кезде баламыз ғой, бәрін шолақ түсінеміз. Өсе келе небір оқиғаларды естисің, кейде көріп те жатасың. Біреуді көлік қағып кетіпті, түгенше жүріп кетіпті т.б. Осындайда әжемнің сөздері еріксіз есіме түсіп, «Ол кісі біліп айтқан ғой, мына жалғанда ешкім мәңгі тұрмайды» деп қаласың. Жақында оқыған мына бір шынайы оқиға сенімімді нығымдай түсті. Авторы есімде емес.

Жасұлан - жан дегенде жалғыз бала. Арқа сүйейтін ағасы, артынан ерген іні-қарындасы да жоқ. Бар сүйеніші, тірегі - анасы болатын. Басында қандай қиындық тап болса да қолдауды анасынан іздейтін еді. Бірақ бүгін анасынан да мәңгілікке қол үзді. Жападан жалғыз қалды....

Анасының қазасы Жасұланды біржолата есеңгіретіп кетті. Бұрындары жүзінен күлкі кетпейтін оның қабағын мұң шалған. Ешкімге ләм-мим деп тіл қатпайды. Түннің бір уақытына дейін басы ауған жаққа мең-зең болып жүре беретінді шығарды. Тек таңға жуық үйіне оралады. Бірақ анасыз үй қаңырап бос қалғандай. Табалдырықтан аттай бере, анасы есіне түсіп егіліп қоя береді. Құдды қара түнекке енгендей күй кешеді. Осындайда дос-жаранның үйін жағалап кететін болды...

Арада біраз күндер де өтті. «Уақыт - ұлы емші» дейді ғой. Қайғылы күндер алыстап, Жасұланның да жарасы жазылып, ел қатарлы өмір сүре бастады. Күнделікті тамағын өзі даярлап, үйдің де жұмысын өз мойына алған. Кейде жұмыстан кейін достарымен бас қосып біраз сергіп қалады. Енді ғана қанатын қайта жазып, самғай бастағанда, мынадай бір сұмдық жағдайға тап болады. Кешкі асын ішіп болған Жасұлан, дастарқанның бетін жауып, жуыну бөлмесіне кіріп кетеді. Қайтіп келсе, ыдыс жуылған, дастарқан жиналған, бәрі өз орнында. Таң қалады. Алайда өзім істеген болармын деп аса мән бермейді. Келесі күні жұмыстан оралғанда үйінің, төсек орнының таза тұрғанын көріп қорқа бастайды. «Бұл қалай? Мұны кім істеген?» деген ой маза бермеді. Ары ойланып, бері ойланып түсінбей дал болады. Үйдің кілті болса өзінде ғана. Ақыры болған жайды достарына баяндап береді, бірақ олардан еш қолдау болмады, қайта «есің ауған сенің» деп мазаққа айналдырды. Қайғымен тағы да бетпе бет қалған Жасұлан бұл жолы жұбанышты арақтан іздей бастады.

Тәлтіректеп, екі аяғын кезек-кезек сырғып басып, Жасұлан пәтерінің алдына келіп тоқтады. Алба-жұлбасы шыққан шалбарының қалтасына қолын сұқты. Бармағына ілінген сымды жұлып алып, есікке қарай беттеді. Кілтті тұтқаға салып, есікті ашты. Әбден діңкесі құрған ол бірден диванға құлай түсті.

Көзі ілініп бара жатыр екен, кенет сыңсыған дауыс естілгендей болды. Бара-бара әлгі дауыс жақындай түсті. Орнынан атып тұрған Жасұлан жан-жағына қарайлады. Өзінен басқа тірі жан жоқ. Жылаған дауыс біресе теледидар жақтан, біресе іргеден, ал дәл қазір терезе жақтан шығып тұр. Жасұланның денесін үрей билеп, қатты қорыққаннан мастығы да тарап кетті. Кенет әлгі дауыс сап тиылып, «Балам» деген сөз анық шықты. Бұл қайтыс болған анасының дауысы еді. «Қарағым-ау, күн сайын солып барасың ғой. Мен өлгенмен, әлі екі ортада жүрмін. Қиналдын-ау, құлыным! Келші бауырыма қысайын!» деп тіл қатты. Анасының әлі тірі екеніне таң қалған Жасұлан балаша қуанып, көзіне еріксіз жас алды. Осылай анасымен қайта қауышқан Жасұлан, күн сайын анасының бейнесін көре алмаса да, дауысын естіп сөйлесіп жүрді. Кейде еркелеп, кейде бір сәт ыстық құшағына бөленіп жүргендей болады. Бірақ іштей қорқатын. «Мен осы не істеп жүрмін? Анам болса баяғыда о дүниелік болған. Қалай сөйлесіп жүрмін?» деп өз-өзін жегідей жеді. Қайтадан араққа салына бастады. Мұндайда ана байғұс баласының мүжіліп бара жатқанына шыдамады. Дауыс көтеріп ұрыспаса да «түзу жолға түс, балам!» деп қайғырады. Әбден төзімі таусылған Жасұлан қолындағы бөтелкені сөйлеп тұрған шешесіне қарай лақтырып жіберді. «Сен өлген адамсың! Еркін өмір сүруіме мұрсат бер! Естисің бе? Кет!!!» деп еңіреп қоя берді. Үйді басына көтерген дауыс, көршілерді бірден осында алып келді. Жасұлан басындағы жайды айтып берді. Көршілері «біржолата есінен адасайын деген екен» деп, тез арада дәрігер шақыртады. Бірақ медициналық сараптама Жасұланның дін-аман екенін көрсетіп, дәрігерлер үйіне қайтарады.

Жаз уақыты болғандықтан, Жасұлан ыстық үйде тыпыршықтап ұйықтай алмай шықты. Жамылғысын алып, балконға барып қисайды. Самал желдің лебімен тәтті ұйқыға батып кетіпті. Бір кезде қолы ұйып, мазасы қашып оянып кетеді. Қараса, анасы екен қимай қолынан ұстап тұрған. «Қош бол, шырағым! О дүниеде кездесерміз!» деп күрсіне шыққан анасының дауысы бірте-бірте алыстап кетті. Бұл жолы мәңгілікке кеткен еді...

Міне, содан бері Жасұланның оң қолы жансызданып, сал болып қалды. Сол бір анасына жасаған опасыз әрекеті бүгінде жанын жегідей жеп, өзегін өртеп барады. Бірақ тым кеш еді...

(Кейіпкердің аты өзгертілген).

Нәзік Тұртай.

0 0 ER 0.0448
✏Жер болған оқиғаны жадында сақтап қалады екен.
Шындығында, жұмыр Жерде магниттік, гравитациондық кеңістікпен қатар ақпараттық қуат кеңістігі бар. Осы кеңістік жер бетіндегі кез келген оқиғаны, соның ішінде соғыс болған, аса көп адам қаза тапқан аймақтарды «жадында» сақтап қалатын көрінеді. Бұл – ғалымдардың пікірі. Сол Жер «жадында» сақталып қалған кейбір оқиғалар ара-тұра болса да, елес болып әлгі жерлерге оралып тұрады екен. Төмендегі оқиғалар соған байланысты һәм ешқандай ойдан шығарылған аңыз емес, өмірде болған жағдай. Өйткені бұл жерде өмірде бар нақты адамдар, нақты елді мекендер айтылады. Сондықтан адамдар ойша құрастырған қырық өтірік деуге еш келмейді...

Басқа әлеммен байланыстырған телефон.
Мына бір өзгеше оқиға Санкт-Петербург қаласында болған екн. Илия Разин деген азамат күздің жанға жайлы бір кешінде өзінің сүйіктісі Нинаға телефон шалады. Ар жақтан телефонды көтерген адамның дауысы Нинадан гөрі кішкентай қыздың дауысына көбірек ұқсап кетіпті. Ол да өзін Нинамын десе керек. Телефонды көтерген адам басқа екенін аңғарған жігіт тұтқаны қойып, қайтадан хабарласады. Тағы да сол дауыс. «Менімен сөйлесе беріңіз. Үйде мен жалғызбын» дейді әлгі бала.

Жігіт телефонды не қоярын, не қоймасын білмей, ойланып қалды. Сосын өзі, өзінің сүйіктісi Нина жайлы айта бастады. Бала дауысы:

– Илья қазір не істеп жатыр екен?

– Телефонды көтеріп ас үйге кірдім, сосын...

– Телефонды көтеріп жүруге бола ма екен? Бірінші рет естуім, – бала таңғала сұрады. Баланың таңданысына Илья біртүрлі болып қалды.Сосын: – Ал сенде қандай телефон? – деп сұрады.

– Кәдімгі, қабырғаға ілініп тұратын. Сіз ас үйге кіріп, бірдеңе жейін деп пе едіңіз?

– Жоға-а... Терезеден кешкі қаланың қызылды-жасылды оттарына қарап тұрғаным...

Қыз өкпелей сөйледі:

– Неге алдайсыз? Қайдағы шам, қала қап-қараңғы ғой. Шамды баяғыда өшірген, үй суық, пешке жағатын отын жоқ. Шешем бір жаққа шығып кеткен. Әкем майданда. Ал сіз мүгедексіз бе, неге үйде отырсыз?

Сасып қалған Илья Разин:

– Қайдағы соғыс, мүгедегі несі? Не деп тұрсын өзің?

– Қала қоршауда екенін білмейсіз бе? Қайдан шыққансыз өзіңіз? Қаланың сырты толған немістер емес пе?

«Есімнен адасып тұрған жоқпын ба, өзі?» деп үрейленген Илья:

– Қазір қай жыл, айтшы? – деді қыстығып.

– 1942 жыл...

Кенет телефон өшіп қалды...

Жігіт қайта телефон шалды. Бұл жолы тұтқаны – сүйіктісі Нинаның өзі алды.

– Қайда жүрсің? Трубканы неге өзің көтермейсің? деп жігіт бұрқ етті.

– Қайда жүргені несі, енді ғана хабарласып тұрған жоқсың ба? – Нина таңғала сөйледі...

Жігіт болған жайды айтып берген еді. Екеуі де таңғалысты. Илья кездейсоқ 1942 жылғы қоршауда тұрған Ленинградтың кішкентай тұрғынымен сөйлескенін білді. Осы бір жағдай мәңгі есінде қалып қойды. Белгілі ғалымдарға жолығып, басынан өткен жағдайды айтып еді, өмірде ондай оқиға жиі болып тұратынын естіді...

Соғыс жаңғырығы басылмаған елді мекендер.
Брест түбіндегі елді мекенде болған мына бір оқиғаны да Жердің «жадында» жазылып қалған күнделік деп түсінуге болады.

Брест қамалы мен оның маңындағы елді мекендер немістердің ең алғашқы соққысын қабыл алғаны белгілі. Одан кейін ондаған жылдар өтті. Бірақ Брест қамалының түбіндегі Дубовый Лог деревнясы әлі күнге соғыстың жаңғырығын бастан кешіп жатыр деуге болады. Бір күні түнде ауыл тұрғындары оқыс оқиғаны бастан кешірді. Түн ортасында тарс-тарс еткен мылтықтың, үздіксіз атылған автомат-пулеметтің дауысы естілді. Адамдар ауылды жау басып кіргендей күйге түсті. Бірі – ұраға, бірі – шатырға тығылды дегендей... Іле-шала көшелерде қараң-қараң еткен қарулы солдаттар пайда болды. Үстілерінде – неміс формасы. Айқайлап, оқты қарша боратып келе жатыр. Тура кино түсіріп жатқандай не болмаса сонау 1941 жылдың 22 маусымын еске түсіргендей еді...

Шеткі үйде тұратын механизатор Владимр Ярош әйелі мен баласын үй астындағы ұраға жасырып, аңшы мылтығын оқтап шатырға көтерілді. Ауыл толы немістер. Әлденені айтып қарқылдап күліп, қараңғы бұрыштарға оқты қарша боратуда... Өз үйіне қарай бұрылған бір топ неміске механизатор аңшы мылтығынан оқ атты... Бірақ атқан оқты елең еткен олар жоқ. Жақындап келді де кенеттен қараңғы түнге сіңіп жоқ болып кетті. Әлгінде ғана азан-қазан болған ауыл тып-тыныш болып қалды... Ертесіне бүкіл деревня «түнгі соғыс» жөнінде қызу әңгіме айтып, таласып жатты...

Сүйтсе, көрші Перстень деген деревняда да түнде немістермен «соғыс» болған екен. Мұндай жайт Прохоров елді мекенінде де қайталанғанын жұрт аңыз қылып айтуда. Бұл жерде 1943 жылы атақты танк шайқасы болғаны белгілі. Екі жақтан (фашистер мен кеңес әскері) мың жарымдай танк қатысқан. Жұмыстан түнделетіп қайтқан ағайынды Черниковтар көлігі жолда тоқтап қалады. Не істерін білмеген олар таңды күтуге бел буады. Кенет таң алдындағы тұманды қақ жарып, алаңқайға қарай қаптап келе жатқан жарықты көреді. «Бұл не болды екен?» деп таңғалысып тұрған ағайындылар жарықтың танк екенін, оларда немістің свастикасы бар екенін аңғарады. Олар есін жиғанша болмай, айнала бомбы-снаряд жарылып, кейбір танктер өртене бастайды. Сол жерде қым-қиғаш соғыс басталып жүре береді. Бір қызығы, мұның бәрі дыбыссыз, тыныш жағдайда өткен. Жарылып жатқан бомбыдан да, атылып жатқан оқтан да, жүріп келе жатқан танктерден де дыбыс шықпаған. Соғыс алаңын тастай қашқан ағайынды Черниковтер ертесін «не болды екен?» деп, кешегі машинасы батқан жерге келсе, ештеңе болмаған, айнала мүлгіген тыныштық. Танктің де, жарылған снарядтың да ізі жоқ...

Жалпы, соғыс болған жерлерде, адам көп қаза болған мекендерде мұндай елеске ұқсас оқиғалар жиі болатын көрінеді. Ғалымдардың айтуынша, жер ақпараттық қуаттық кеңістігі болған оқиғаны «жадында» сақтап қалады екен. Парапсихологтар қаза тапқан, жерленбеген солдаттардың жаны ұзақ уақыт соғысты жалғастыра береді дейді. Сол «соғыс» кейде тірі адамдарға елес болып көрінеді екен. Біз жоғарыда әңгіме еткен жайсыз жағдайлар солардың бір-екеуі болса керек...

aikyn.kz

0 0 ER 0.0269
✏Ажал калькуляторы жасалды.
Канадалық ғалымдар адам қартайған сайын олардың қабілетін анықтап, қандай көмекті қажетсінетінін әрі ғұмырының қашан таусылатынын болжайтын «ажал калькуляторын» жасады.

Бұл жайында islam.kz порталы Canadian Medical Association Journal мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді.

Risk Evaluation for Support: Predictions for Elder-Life in the Community Tool (RESPECT – «Қолдау үшін қатерді бағалау: қоғамдастықтағы қарт адамдарға арналған болжам») деп аталатын құрылғы адамның ажалын өлуіне 6 ай қалғанда болжай алады.

Бұл аспап 2007-2013 жылдар аралығында үйде күтім көрген 491000-нан аса қар адамның дерегіне негізделген.

RESPECT калькуляторы қарт адамы бар отбасы мен туыстарына көп көмегін тигізе алады. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, қашан демалыс алу керектігін, т.б. жоспарлауға көмектеседі.

Бұл құрылғы адамның күнделікті іс-әрекетін бағалау арқылы оның қабілетін, денсаулығын анықтай алады, мәселен, тазалықты сақтау, дәретхананы пайдалану, т.б. кезіндегі қимыл-қозғалысының ширақтығын, сергектігін, жинақылығын, ұқыптылығын, т.б. бағалайды.

Оттава емханасының дәрігері Питер Танусепутро калькулятордың денсаулық сақтау жүйесінде кеңінен қолданылуы мүмкін екенін жеткізді.

0 0 ER 0.0179
✏Әруақтар қатер жайлы түсінде ескерткен екен.
Түстің де тылсым құдірет екенін мойындау керек сияқты. Түс көру арқылы жоғалғанды табатын, науқастың диогнозын анықтайтын, алда болар қатерді болжайтын емшілер де бар. Кейде қарапайым адамдардың да түсінде көргені өңінде дәл келіп жатады. Демек, түс арқылы адамдарға басқа ғаламнан хабар жетеді. Яғни, түс о дүние мен бұл дүниенің арасын жалғаушы тылсым құдірет. Түс арқылы бізге ескерту жасалады.

Өкінішке қарай көп жағдайда біз түсті дұрыс жори алмай, өкінішке ұрынып қаламыз.

Егер кімде кім мақталы өңірде өскен болса, мақта жинайтын комбаинды білуі тиіс. Сол комбаинда ұсақ тістерімен мақтаны іліп алатын шпиндель деген метал қондырғы болады. Шпиндель-ұзындығы 70-80 см болатын, бірнеше жүздеген ұсақ тістері бар, темір қондырғы. Бірнеше шпиндель барабанға орнатылады. Барабандардың өзі бірнешеу болады. Екі барабан бір біріне қарсы бағытта жоғары жылдамдықпен айналады. Сол екі барабан мақтаны іліп алып бункерге жинайды. Ал барабанға орналасқан шпиндельдерді жиі жуып-тазалап тұру қажет. Өйткені мақтаның шайыры шпиндельдің тістеріне жабысып қалады. Егер оны уақытылы тазалап отырмаса, онда шпиндель ілмейді де мақта жерге төгіледі. Егер байқаусызда киімді іліп кетсе, шпиндель адамды шайнап тастайды. Біздің көршіміз сондай жағдайға тап болған еді.

Мақта терім кезінде мақтаны көп жинаған комбаиншыларға заттай және ақшалай сыйлықтар берілетін. Жиын-терім біткен соң қортындысы бойынша мақтаны көп жинаған комбайншы қосымша сыйақыға қол жеткізеді. Өте жоғары көрсеткішке жеткендерге автокөлік тарту етілетін. Сондықтан комбаиншылар арасында қызу бәсекелестік, жарыс болатын. Кейде шық түседі де мақта алқабына ерте түскен комбайндердің шпиндельіне мақта оралып қалады. Ондай кезде оны тазалау қиын болады. Ондай сәттерде асығып жүріп, байқамай шпиндельге ілініп кету қаупі жоғары. Біздің көрші де солай, асығам деп байқаусызда киімін іліп кетіп, шпиндель аяғын шайнап тастаған еді.

Бір қызығы көршіге осы жағдайдың болатыны түсінде аян берген екен. Оны кейін ауруханадан шығып келген соң өзі айтып берген еді. Айтуынша, сол күні көршінің түсіне соғыста бір аяғынан айырылып келіп, кейіннен қайтыс болған әкесі кіріп, «бір аяқсыз қиналып жүрмін, аяғыңды бере тұршы. Ертең комбайн жуатын жерге келем» депті. Айтуынша, аяғы алмалы-салмалы екен. Олардың әңгімесін есітіп тұрған марқұм анасы, «балам әкеңнен гөрі аяқ өзіңе қажет, ертең жұмысқа барма, барсаң әкең бір аяғыңды алмай қоймайды» дейді. Анасының көңілін жықпайын деп «жарайды» дейді де, «анама айтпай-ақ әкеме бір аяғымды бере тұрайын» деп ойлап жатып оянып кетеді.

Оянса, таң атып қалған екен. «Түс түлкінің тезегі» деп, көрген түсіне аса мән бермейді. Орнынан тұрып, ас-шайын ішеді. Мақта алқабына баруға әлі де уақыт ерте. Әйтсе де асықпай бара берейін, түнгі шық кепкенше шпиндельдерді дұрыстап тазалап алайын деп ойлайды. Ол барғанда мақта алқабының басында әлі ешкім жоқ екен. Су ағатын латоктың қасына мақта теретін комбайнді жақын қойып, шпиндельдерді жууға кіріседі. Бір кезде қолындағы щетка екі барабанның ортасына қысылып қалады. Щетканы аяқпен теуіп шығарып жібермек болған кезде, етіктің қонышынан шығып қалған шұлғауды шпидель іліп кетеді. Әп сәтте шпиндель етікті, шалбарды, одан әрі аяқты шайнай бастайды. Жан ұшыра айғайлаған дауысын өтіп бара жатқан бір кісі есітіп қалады. Жүгіріп келіп, комбайнді өшіреді. Етік пен шалбардың шпиндель арасына қыстырылып қалған бөлігін пышақпен кесіп, аяғын шығарып алады. Сол аралықта шпиндель аяқтың балтыр етін түгелдей шайнап, сүйекке жеткен екен. Көрші үш ай ауруханада жатып, емделіп шықты. Бірақ бір аяғын сылтып басатын болып қалған еді.

Егер сол күні көрген түсіне мән беріп, жұмысқа бармай-ақ қойса, бәлкім аман-есен жүрер ме еді?! Өкінішке қарай, түстің тылсым күш екенін көпшілігіміз ескере бермейміз. Түс жорушылардың айтуынша, түс - о дүние мен бұл дүниенің арасын жалғаушы тылсым күш. Яғни түс арқылы ата-бабалар аруағы күтіп тұрған қатер жайлы алдын ала ескертеді.

Еркін Тағабаев, Мырзашөл өңірі.

0 0 ER 0.0179
✏13 санының қандай құпиясы бар?
Адамзаттың бойында аталмыш саннан қорқу сезімі осыдан екі ғасыр бұрын пайда болыпты. Психолог мамандар бұл күннiң трагедиялық iстерге душар болуына қатыстылығы жоқтығын айтады. Ал, социологтардың зерттеуінше Еуропадағы әрбір төртінші адам 13 санынан қорқатын көрінеді.

Адамдардың бұл күнi бiр жоспары іске аспай қалса, оның бәрін осы саннан көреді екен. Ал, христиан дiнiнiң теологтары оны «трискаидекафобия ауруы» деп атап кетіпті.

Әйтсе де аталмыш санға назар аударарлықтай жайттар да жетіп артылады. Мәселен, Германиялық Демоскопиялық институттың жүргiзген сауалнамасының нәтижесінде немiс халқының 25 пайызы күнтiзбедегi 13 санынан қорқатынын айтыпты. Тіпті, кейбірі жыл мезгiліне қарамастан, әр айдың 13-i күнi көңiл-күйлерi түсiп, қан қысымы көтерiлетiнiн баяндапты.

Ал Ұлыбританияда бұл күнi ауруханаға түсетiн науқастардың саны әдеттегiден екi есеге өседі екен.

Сондай-ақ 13 санынан қорыққан француздар «14 қонақ» деген терминдi ойлап тауыпты. Егер басқосуға жиналғандардың саны 13 адам болып қалса, мұндай жағдайда 14 адамды уақытша жалдайтын көрінеді.

Және де осыдан тұп-тура 34 жыл бұрын 13-сәуiр күнi 13:13 кеткенде америкалық НАСА ғарыш агенттiгi «Аполлон-13»» ғарыш кемесiн айға аттандырған болатын. Аталмыш кеме жерден 330 мың шақырым биіктікке көтерілген кезде жарылыс болып, ішіндегі 3 ғарышкер әрең аман қалған. Содан бастап, НАСА агенттiгi 13 санына сақтықпен қарайтын болған екен.

Әрине, бұл күн кейбір жандар үшін тылсым дүниелерге толы болса да, енді бірі үшін жай ғана күн болып саналады.

blogtime.kz

0 0 ER 0.0179
✏Жол бойындағы жалғыз үй.
80-жылдардың соңында күре жол бойында орналасқан көрші ауылда бір зәулім үй бой көтерді. Үй еңселі, аумағы да үлкен. Биік жерге тұрғызылған, көрнекті еді. Бір жазда мынанда үй тұрғызу екінің-бірінің қолынан келмесі анық. Шамасы ол үйді тұрғызған бай-қуатты адам болуы тиіс.

Бірақ, бір жазда бой көтерген зәулім үйге ешкім көшіп кірмей, бірнеше жыл бос тұрды. Ауылдастары алғашында «келесі жылы көшіп кіретін шығар» деп ойлады. Алайда келесі жылы да ол үйге ешкім көшіп кірмеді. Екінші жылы да ол үйге ешкім көшіп кірмеген соң, ауылдастары «ол үйді сатпақшы шығар» деп ойлаған-ды. Алайда анандай үйді кез келгеннің сатып алуға шамасы жете бермесі анық еді. Десе де, сатып алмақ болған қалталы азаматтар талпынып көрген еді. Бірақ үй иесі үй сатпайтынын айтыпты-мыс.

Сол үй сол қалпында 10 жылдай тұрды. Ешкім көшіп кірмеді. Кейін естідік, ол үйдің құпиясы болған екен.

Расымен де ол үйді тұрғызған сол ауылдағы Мұсабек деген малды адам екен. «Ә» деп үйді сала бастағанда бір күні Мұсабек құрылыс басында түнейді. Түсінде бір әйел кісі «мына жерде менің балам жатыр, үйді бұл жерден салмаңыз» деп өтінеді. Алайда Мұсабек оған аса мән бермейді. Үйдің шатырын жапқан соң, Мұсабек қасындағы бір-екі адаммен тағы да құрылысы бітпеген үйде түнейді. Түнде түсіне баяғы әйел тағы кіреді. «Егер осы үйге кіріп, баламның тыныштығын бұзатын болсаң, саған да, сенің бала-шағаңа да тыныштық бермеймін» дейді. Аз кем алаңдағанмен Мұсабек жұмысты жалғастыруды ұйғарады. Сол күні шатырдың қалған жерін жауып жатқанда, бір ұлы биіктен құлап, аяғын сындырады. Содан секем алған Мұсабек қалған жұмысты бітіруге мердігерлерді жалдайды. Жаз мезгілі болғандықтан, мердігерлер сол үйде жатып жұмыс істейді. Арадан 10 шақты күн өткенде мердігерлер әр түнде үйде бала жылайтынын айтып, жұмыс істеуден бас тартады. Одан кейін өзге мердігерлер келеді. Олар да біраз күн жұмыс істеген соң түнде үй ішінде жылаған баланың даусы шығатынын айтып, жұмысты бітірмей кетіп қалады. Солай төрт-бес мердігер бригада келіп-кетіп жүріп үйді бітіреді.

Үй біткен соң есік-терезесін біреулер шағып кетіп жүрмесін деп, екі баласын үй күзетуге жібереді. Екінші күні түнде, ұйықтап жатқан Мұсабектің Ерқанат деген баласын біреу оятады да «үйіңе қайт» дейді. Ол қасында жатқан ағасы Ерманапқа қарамастан, бір күштің жетегімен түн ортасында ауыл ортасындағы өз үйіне келіп, ішке кіріп жатып қалады. Жылаған баланың даусынан оянған Ерманап қасында інісінің жоқ екенін байқайды. Алғашында «әжетханаға шыққан шығар» деп ойлайды. Бір сәт үй ішінде біреудің жүргенін сезеді. Ерқанат болар деп шақырса, үндемейді. Бір кезде үй ішінде жас бала мен әйел адамның қуысып ойнаған дауыстары есітіледі. Ерманап есін жиғанша, әйел мен бала бұл жатқан бөлмеге кіріп әрлі -берлі жүгіре бастайды. Қатты қорыққан Ерманап үйден қашып шығып, сүрініп құлап, естен танып қалады. Есін жиғанда таң да атқан екен. Ештеңеге қарамай, үйге қарай жүгіре жөнеледі.Үйге келген бойда әке-шешесіне түнде көргенін айтады. Сол кезде үйдегілер де Ерқанатттың үйде жатқанын аңғарады. Ұйқыдан оянған Ерқанат өзін түнде біреудің оятып, үйге ертіп әкеліп тастағанын айтады.Үйдегілер түс көрген шығарсыңдар деп балаларын жұбатпақ болады. Бірақ Мұсабек мұның жайдан-жай емес екенін, баяғы түсіне кіріп, тыныштық бермеймін деген әйелдің сөзінің мәнін сол кезде ұғады. Көп ұзамай Ерманап жынданып ауырады.

Содан кейін Мұсабек ол үйді бұзып, құрылыс материалдарын алып, басқа жерден үй салмақ болады. Бірақ сол күні баяғы әйел адам тағы да түсіне кіріп, «Үйді бізге қалдыр, егер үйді бұзсаң, не сатсаң бала-шағаңа, мал-мүлкіңе тыныштық бермеймін» дейді. Мұсабектің ол үйді ешкімге сатпауының сыры да сол екен.

Пенделікке барған базбір адамдар қараусыз үйдің есік-терезесін алмақ болған екен. Алайда, түнде терезе алмақ болып барғандар үй ішінде ақ киім киген жас әйел мен жас баланың қуысып ойнап жүргенін көріп, естерінен тана жаздаған. Ол әңгіме ел ішіне тез тарап, ол үйдің маңынан ешкім сынық кірпіш те алмайтын, тіпті маңынан жүрмейтін болған екен.

Кейін Ерманапты емдеген бақсылар үй тұрғызылған жерге жас баланың жаназасыз көмілгенін айтады. Сондықтан ол үйге тиіспей, соларға қалдыруға кеңес берген көрінеді. Кейінірек Мұсабек мал сойып, сол балаға арнап ас беріп, жаназа шығартқан. Сөйтіп үйді сол күйінде қалдырған.

Біз ол жақтан көшкенде сол үйдің бос тұрғанына 10 жылдай болған еді. Бүгінде, сол үйдің тағдыры не болды екен деп ойлаймын. Енді бір жолым түскенде, сол ауылға арнайы барып, көрсем деген ниетім бар. Ондағы ойым – мал сойып, жаназа шығарып, ас берген соң Мұсабектің балаларының жағдайы қалай болғанын білу. Ерманап аурудан айықты ма екен...

Ералы Тоңқараев.

0 0 ER 0.0179
✏Қылтұзақ.
Дәл сол күнi Мәриям шаршаған да, ауырған да кейiп танытпады. Әдетiнше кешкi асты әзiрледi, балабақшаға баратын Сәнияшын ұйықтатты. Қайта бәрi де тып-тыныш, алаңсыз болды ғой. Тек түнге таман Мәрияшқа бiреу қоңырау шалды. Әйелi тек «да, да» дей бердi. Интернет арқылы шахмат ойнап отырған Әнуар оған көңiл бөлмедi. Мәриямның қай уақытта жатқанын да бiлмейдi. Шамамен түнгi 3-4 кезiнде қатты шошынған дауыстан оянып кеттi. Қараса, қара көлеңкедей болып әйелi төсекте бүрiсiп отыр. «Мәрияш, не болды?» — дегенi сол едi, ол жылап жiбердi. Әнуардың құшағына тығылды. Алайда неге шошынғанын айта алмады. «Жаман түс көрдiң бе?» — деген сұрағына: «Бiлмеймiн, бiрақ қатты қорықтым...», — деп жауап қатты.

Бәрi сол күннен басталды. Мәриям кiлт өзгердi. Қалада бұлаңдап өскен, мода қуып киiнiп, сауық-сайранды құр жiбермейтiн әйелi үйден шықпайтын болды. Етегi еден сызған қара, не сұр түстi көйлектер киiп, басын тұмшалап орайтын болды. Өзiнен-өзi қамығады, жылайды. Әр дыбысқа елеңдейдi, үрейленедi. Әнуар қанша рет жалынып та, ашу шақырып та сөйлестi. Не болғанын ашып айтуын талай рет сұрады, ал Мәриям болса дел-сал күйде егiле бередi. Әртүрлi себептер айтады. Сөздерi де түсiнiксiз. Қызын бiресе кеудесiне қысып өлiп-өшедi, бiресе ұрсып-зекидi. Кiшкене Сәнияш та шешесiнен қашқақтайтын күйге түстi. «Не де болса, бұл — психикалық дерт. Адам жайдан-жай осындай күйге түспейдi ғой» деген оймен Әнуар әйелiнiң басқа қалада тұратын әке-шешесiн шақыртты. Екi күннен кейiн ебiл-дебiлдерi шығып олар да жеттi. Сонда Мәриямның ағыл-тегiл жылағаны-ай! Күн сайын байынан таяқ жеп, қорлық көрiп жүрген жандай боздады. Айналып-толғанып әке-шешесi әзер жұбатты. Әнуар сол күнi қызымен әпкесiнiң үйiне кеттi.

— Сiздер оңашада Мәрияммен еркiн сөйлесiңiздер, бар мән-жайды анықтаңыздар. Дәл қазiр не дерiмдi бiлмеймiн. Сiздердiң алдарыңызда ақталатындай еш кiнәм жоқ. Керек болсам, шақырып аларсыздар.., — дедi.

«Бұл не сұмдық? Қайдан келген бәле?» — деген ауыр ойлардан өзi де мүжiлiп кеткен едi. Әбден шаршады. Түк бiлмеуден, түк түсiнбеуден шаршады. Бiр мистикалық құпия... Қызын аяды. Жасы небәрi бесте болса да, сезiмтал, зерек. Шешесi өзгергеннен берi еркелiгi азайды. Әкесiмен iлесiп балабақшаға томпаңдап барады, томпаңдап қайтады. Үйге келген соң да шешесiне жоламайды. Тек бiр күнi қағазға жапсырған гүлiн шешесiне ұсынып едi, Мәриям «молама қоятындай гүл екен» деп, төсек үстiне тастай салды. Осы сөзден кейiн Әнуар әйелiн жұлқылап: «Есiңдi жи! Сен әдейi iстейсiң осының бәрiн! Қызыңа қарашы, неге оны аямайсың? Не ойың бар, не жамандығың бар, ашып айт!» — деп айқайлады. Ал Мәриям мiз бақпай безерiп отырды да қойды. Өзге бiреуге айтсаң сенбейтiн жағдай...

Үшiншi күн дегенде Мәриямның әкесi звандады. «Жолығайық» — дедi. Әнуардың жүрегi шымырлап қоя бердi. Әйтеуiр, жақсылық емес екенiн ұқты. Жолығатын жерге жаяу бармақ болды. Асықпады. Несiне асығады? Жаман хабар жерде қалмайды... Кiшкене болса да уақыт ұтқысы келдi. Кiшкене болса да кеңiнен тыныстап, күш-қуат жинағысы келдi. Шынымен-ақ Мәриямның ақыл-есi ауысты ма? Құдай сақтасын, тұқымында ондай кесепат жоқ едi. Бетi аулақ... Онда не болды? Себеп-салдарсыз адам осылай өзгере ме? Әнуар жолдың ұзара түскенiн тiледi. Суық хабар естуге әл-дәрменi жоқ екенiн ұқты. Ештеңе бiлуге де, естуге де құлқы жоқ. Көз алдына қуыршақтай киiнiп алып, өзiне ел қарасын, таңдайын қақсын дегендей биiк өкшелi туфлиiмен асфальттi тесетiндей тебiне басып, сылаң қағып жүретiн Мәриямы елестедi. Кеше ғана дүние қызығына тоймай жүрген сұлу әйелi... ендi ол бүрiскен бейне...

Әнуар қайын атасын алыстан көрдi. Жол бойында алаңдап тұр. Креслода қасқайып отыратын, маңғаздана аяғын басатын адамды мынандай дәрменсiз халде көрудiң өзi Әнуарға әңгiменiң ауыр болатынын ұқтырды. «Ең болмаса мен әлсiздiк көрсетпейiн...» — деп денесiн тiктедi, көкiрегiн тазартқысы келгендей жөтелiп алды:

— Көп күтiп қалдыңыз ба?

Әңгiменi ол ақырын бастады. «Балам», — дедi. Жаутаңдап Әнуарға қарады да кеуде тұсын алақанымен басып бiраз тұрды. Жүрек шiркiн сыр бере бастаған-ау шамасы... Екеуi де үнсiз келiскендей жол бойындағы дәмханаға кiрдi.

— Әнуар балам, сен Мәриямның қасында жүрiп, оның не пәлеге ұшырағанын қалай ғана байқамадың?..

Қайын атасы күйзеле тiл қатты. Әнуарға кiнәлай қарады:

— Мәриям сектаға кiрген екен. Сен оны бiлдiң бе?

— О не дегенiңiз? Қайдағы секта?!

— Өзiм де анығын бiлмеймiн. «Лучик света» дей ме? Шетелдiк секта...

— Жаңа естiп тұрмын. Өткен жазда бiр дiни ұйыммен сапарға барып келдi. Маған мұндай туризм ұнамайды дедi содан кейiн. Соңғы жылы бiр элиталық клубқа барып жүргенiн айтқан. Онда ылғи өздерiн «элита» санайтын әйелдер бас қосады екен. Алғашқы взносы 500 еуро деп менен ақша да алды. Сол ақша адам саны көбейген сайын өзiне үстемемен қайтарылады деп түсiндiрдi.

— Тағы не бiлесiң?

— Сол клубқа мүше болу үшiн ақсүйек болуың керек екен. Мәриям менi олар бiрден қабылдады деп қуанып жүрдi... Иә, ендi ойыма түстi, тағы бiр жайсыз оқиға болған. Осыдан бес ай бұрын Мәриямды бiр сыған әйелi тонап кеттi. Бар алтынын, тiптi неке жүзiгiн, гауњар тас салынған сырғасы мен алқасын гипнозбен алып кеттi. Есiмде түк жоқ, тек бiр сыған әйелi менi тонағанын ғана бiлемiн, — деп зар жылады. Милицияға хабарлайын деп едiм, азар да безер болды. Содан садақа дедiк те қойдық...

—Тағы не байқадың?

— Киiм киiсi өзгердi. Кей кездесулерге ашық-шашық баруға болмайды деп оранып жүретiн шәлi сатып алды. Тағамды да талғап алатын болды... Менiң жұмысымның жауапты екенiн өзiңiз де бiлесiз, уақытым жоқ. Мәриямға сендiм... Ол еркiндiктi сүйетiн өзiңiздiң ерке қызыңыз емес пе? Ал мына жағдай... Миыма кiрмейдi...

– Балам, ендi менi тыңда. Сол секта Мәриямды қылтұзаққа түсiрiптi. Сендер бәрiнен айырылдыңдар...

– Қалайша?!.

– «Әкесi өлгендi де естiртедi», Әнуар балам. Мәриям сендер тұрған коттедждi де, өзiнiң және сенiң машиналарыңды сол сектаға сыйға тартыпты. Сол дүние-мүлiктiң барлық құжатын реттеп шетелдiк бiр миссионердiң атына аударыпты. Қызым тiптi оның аты-жөнiн де дұрыс бiлмейдi. Өткенде олар хабарласыпты... Айтуға ауыр. Айтпасам тағы болмайды. Олар осы айда Мәриямды «рухани тазару жолына түсiру үшiн» әкетемiз дептi. Содан кейiн сен үйiңдi, дүние-мүлкiңдi келiсiмшарттарды көрсеткен кiсiге өткiзесiң. Егер олай iстемесең, Мәриям қайтарылмайды. Мiне, бiздiң басқа түскен қасiрет... Айтпақшы, жоғалған неке жүзiгi де, басқа дүниелерiң де соның қолында. Қазiр олар тұрақтарын ауыстырыпты, нақты қайда екенiн бiлмеймiз. Бiрақ Мәриямға қоңырау шалып, бақылауда ұстап жүрген сияқты. Сорлы қызым... көзi ашық, пысық сияқты едi. Мына тұзаққа қалай түскенiн... Әуелгiде «сендер Жаратушының қолдауына ие болған ерекше, таңдаулы пендесiңдер!» деп басын айналдырған. Яки, элита. Осындай уағыздармен алдымен көкке көтерген, содан кейiн... Несiн айтайын, алдап-арбаудың бар тәсiлiн қолданған. Мәриям «клубтағы бар әйелдер солай iстедi, мен де iлестiм» – дейдi. Сөйтсе «элита» деген ханымдардың бәрi де сол сектаның мүшелерi екен. Қолдарына керектi құжаттарды түсiрген соң қорқыту, қорлау басталған. Тұзаққа түскен жалғыз бiздiң Мәриям емес... Таяуда сол клубқа барып жүрген Ләззат есiмдi жас келiншек өзiне-өзi қол жұмсапты...

Қайын атасы еңкiлдеп жылап жiбердi. Әнуар бәрiн жайбарақат қабылдады. Еш эмоциясыз. Сенгiсi келмедi... Мүлдем сенiмсiз әңгiме! Мына ХХI ғасырда осындай оқиға болады дегенге кiм сенедi? «На грани фантастики... или сумашествия...»

– Не iстеуге болады? Ана КНБ, КГБ дегендерге хабарлау керек сияқты...

Қайын атасы мұның жүзiне жалына қарады. Қайтсiн байғұс, қызының тағдыры қыл үстiнде тұрғаннан кейiн...

Әнуар бәрiн ендi түсiндi. Өткенде үйдiң, машиналардың құжаттарын қайта заңдастырам деп әйелi бiр қағаздарға қол қойғызған едi ғой. Ертемен бұл жұмысқа асығып бара жатқанда Мәриям артынан қалмай жүрiп қол қойғызды. ЦОН-нан өткiзу керек дедi. Бәрi шындық сияқты... Яғни сүйiктi жары мұны алдады. Тақыр жерге отырғызды. Бiрақ ендi ашу шақырғаннан не ұтады? Бұл ешкiмнен көмек сұрайтындай, не шағым айтатындай жайт емес. Бұл ақымақтықтан, кеудемсоқтықтан, көрсеқызарлықтан туындаған жайт...

Шынтуайтына келгенде, бар кiнә мұның өзiнде. Ол Мәрияммен соңғы рет қашан сөйлестi? Қашан еркелеттi? Тiптi жүзiне де анықтап бiр қарамапты-ау... Осыдан бiр ай бұрын... Иә, онда интернетте шахмат турнирi өтiп жатқан. Мәриям қасына келiп: «Жаным я влипла...» – деп сөз бастай бергенiнде, «подожди» деп, әйелiнiң сөзiн бөлiп тастады. Өйткенi литвалық қарсыласы шешушi партияда мұны тықсыра бастаған едi. Сол сайыс үш сағатқа созылды. Ақырында Әнуар чемпион атанды. Ур-а-а! Ал ендi чемпион не iстейсiң? Өз отбасыңды ойрандап отырған мына ойынды қалай жеңесiң? Қарапайым мұғалiмнiң кiтап кемiрген баласы... «Бiлiмдi мыңды жығады...» деген принциппен өмiр сүрген Әнуар өз өмiрiн неге арнады? Қолы неге жеттi? Неге сонша тыраштанды... Не үшiн? Құрып кетсiн! Осы да байлық па? Мәриямның бiр көз жасына тұрмайтын боқ дүние. Бәрi бос дүние...

Әнуар қайын атасына қарады. Қасқайып жүретiн ел ағасы қауқарсыз шалдай сықсыңдап жылап отыр. Әнуар кенет... кешiрiм сұрады. «Сенiп тапсырған қызыңызды қорғансыз қалдырыппын, жазықтымын» дедi. Содан кейiн тастүйiн жинақталды:

– Ертең сiздер Мәриям мен қызымды алып, бұл қаладан кетесiздер. Елге емес. Ресей жаққа. Менiң сенiмдi досым онда сiздердi паналата тұрады. Сол жiгiт арқылы хабарласып тұрамыз. Еш байланысқа шықпайсыздар. Өте сақ болу керек. Бұл қауiптi секта сияқты. Здесь все серьезно... Ал басқа шаруаны өзiм бiтiремiн. Қорықпаңыз, я же чемпион! – дедi.

Көптен берi кеудесiне қонақтамай жүрген шабытты күй, ақтық айқасты аңсаған қанатты күй қайта оралды.

Ертеңiнде әуежайдағы самолет Ресейге ұшып кеткенде ғана Әнуар өз жоспарын орындай бастады. Сол күнi су жаңа екi қымбат машинаны биiк шатқалдан тау етегiне құлатты. Үйiнен құжаттарын, бiраз киiмдерiн алды да, қалған дүниенiң бәрiн сыртқа шығарды. Тау етегiне қатарласа қоныстанған қоржын тамдағы көршiлерiне «Барып тасып алыңдар!» дедi. Байғұстарда ес қалған жоқ. Бөлмелердегi ауыр-ауыр жињаздарды күшене көтерiп, таласып-тармасып, екi сағат iшiнде үйдi жып-жылмағай еттi. Өңдерi тұрмақ, түстерiнде көрмеген қымбат, сәндi дүниелерден көздерi тұнған шiркiндер Әнуарға қарауға да мұршалары келмедi. Әкелерiнiң байлығын бөлiскендей бiрiнен-бiрi қызғанып, қырылысып та қалды. Тек бiр қартаң әйел ғана сынған айнаға қарап көзiне жас алды. «Қарағым, басыңа түскен ауыр күн осы айнадай күл-пәрше болсын. Азамат басың аман болсын!» – деп Әнуардың қолын сүйдi. Тұйыққа тiрелген ер-азаматтың жан қиналысын сезiп тұрғандай-ақ.

Таңға таяу екi қабатты коттедж лапылдаған отқа оранды...

Айгүл Асылбекова-Нөкербаева.

0 0 ER 0.0179
✏Нумерология ғылымы сіз білмейтін құпияларды ашады.
Нумерология &ndash ежелден келе жатқан ғылымдардың бірі. Ол жеке тұлғаның өзіне ғана тән мінез, мақсатқа ұмтылыс, күш-жігер сынды қабілеттерін анықтауға көмектеседі. Адамның өзі білмейтін құпияларын да ашуы мүмкін. Оны жүзеге асырып көру үшін туған күніңізді білсеңіз жеткілікті. Әдетте 1-9 аралығындағы және қосымша 11, 22 сандары арқылы жүзеге асып отырады. Соңғы аталған екі сан ерекше қабілетті, мақсатына жетуде аянбай еңбек ететін жандарға тән. Оны қалай жүзеге асырамыз?

Мысалы: туған күніңіз 23.05.1993.

23=2+3=5. 05=0+5=5. 1993=22=2+2=4. 5+5+4=14. 14=1+4=5. Яғни бізге керегі «5» саны.

«1» саны шықса.
Бір саны тұлғаның тәуелсіздігін, мақсаттарын айқын көре алатындығын білдіреді. Бір уақытта бірнеше тапсырманы орындай алатын күш-жігері бар. Көшбасшылық қасиетке ие. Мақсатына жету үшін маңдай терімен еңбектенеді. Кемшіліктері: эгоизм, шыдамсыздық және өзімшілдік. Олар ойланғаннан гөрі әрекет еткенді жақсы көреді. Өз пайдасы үшін айналадағыларды пайдаланудан тайсалмайды.

«2» саны шыққан болса.
Бұл сан шыққан адамдар барлығымен достық қарым-қатынасты ұстанатын, сабырлы, ұялшақ жандар. Жолдастарының мықты болғандығын қалайтындығы осы қасиеттерінен болса керек. Табиғатынан кез келген кикілжіңді ретке келтіру қасиетіне ие. Топтық жұмыстарда ұнамды қасиеттерімен көзге түсіп, әрдайым сыпайылық танытады. Әділетті болуды ұнатады. Ұялшақтықтарының арқасында барша армандарынан бас тартады. Бірақ, өзге тамаша қасиеттерінің арқасында айналадағы адамдарға үлгі бола біледі.

«3» саны шыққан болса.
Бұл сан шыққан адамдар тез тіл табысатын әрі ерекше ойлы болып келеді. Бұл санмен көбінесе суретшілер, ақын-жазушылар дүниеге келеді. Олар өмірден барынша ляззат алып, жақындарына жақсылық жасауға тырысады. Әрдайым өз пайдасын шетке ысырып қоюға дайын. Махаббат пен ғадауатқа да берік келеді. Қалай сүйсе, дәл солай жек көре алады. Кез келген қиын жағдайдан фантазияларының арқасында шығып отырады.

«4» саны шыққан болса.
Бұл санмен дүниеге келген адамдар өмірге реалистік тұрғыдан қарайтын, байсалды жандар. Жұмыста бағалы қызметкерлердің бірі. Сезімдерге көп беріле бермейді, алдына қойған мақсатына жетпей тынбайды. Жеңілтек адамдарды ұнатпайды. Қандай жағдай болмасын өз шешімдерін өзгертпейтін қырсықтықтары бар.

«5» саны шыққан болса.
Бұл адамдардың стихиясы &ndash таңғажайып оқиғалар мен тәуелсіздік. Олар спорттың экстремалды түрлерімен, ғылыми зерттеулермен айналысады. Саяхаттағанды жақсы көріп, сүйіктілеріне көп мән бермейді. Істің шешімін бірден тапқанмен, оны аяғына дейін жеткізбейді. Бостандығын шектейтін адамдармен тіл табыса алмайды.

«6» саны шыққан болса.
Нумерология ғылымында 6 саны тұрақтылықтың белгісі. Алайда қай кезде болмасын доминант болуды жөн көреді. Материалдық құндылықтарды екінші орынға қояды. Мұнымен қатар, мансап жолында үлкен жетістіктерге жетеді.

«7» саны шыққан болса.
Бұл адамдар өте ұяң. Бір жақты болуды ұнататындықтан, шешім қабылдауда қиналады. Қоғам ортасында қорғаушысының болуын қалайды. Өмірде кемелділікке жетіп, армандарын мақсатқа айналдырады. 7 саны рухани байлықтың белгісі.

«8» саны шыққан болса.
Бай әулеттің баласы немесе болашақта дәулеті асқан байлықтың белгісі. Көп ақша табу үшін, күні-түні еңбектенуге дайын. Олар үшін атақ пен дәреженің маңызы зор. Тәкаппарлық, қаталдық, билік жүргізуге деген құлшынысы көп жағдайда мақсатына жетуге кедергі келтіріп отырады.

«9» саны шықса.
Бұл сан шыққан адамдар өзгелерге сенгіш, әрдайым қол ұшын беруге дайын жандар. Айналадағыларға үнемі жандары ашып, қайырымдылықпен белсенді түрде айналысады. Өкінішке орай, адамдарды тани алмайды.

Ал сізде қай сан шықты?

1 0 ER 0.0268