Статистика ВК сообщества "МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ ЖӘНЕ ІЗБАСАРЛАРЫ"

0+
Көңілімізді бақытпен алдандырып, Арман қуып келеміз, арман қуып. Арман барда, арманға тоқтау бар ма? Жан бар ма екен арманға салған құрық?!

Графики роста подписчиков

Лучшие посты

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ

Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған,
Сонда жатыр менде жүрген орындалмас бар арман.
Сенің жүзің көкте күннен, жерде гүлден нәр алған,
Шашың сенің - жан баспаған жапандағы қара орман.

Қас-кірпігің қарлығаштың қанатындай қап-қара,
Үлбіреген жүзің сенің ақ жібек пе, мақта ма?!
Әсем-басың әп-әдемі, мүсініңе шақ қана,
Шиедейін еріндерің қызарып тұр шоқтана.

Толықсыған тұла бойың шыбық па екен, тал ма екен,
Бейнең сенің баяу атқан жазғы шұғыла таң ба екен,
Күлкің сенің шашылған нұр, сезің кәусар, бал ма екен,
Бұл ғаламда сенен артқан, сірә, біреу бар ма екен!?

Бұл ғаламда сенен артқан жан бар деуге сепбеймін,
Сен солайсың, Ләйлім менің, сенбе маған, сен мейлің.
Бұл ғаламда сенен артқан бір жан болса егерде,
Өз көзімді өзім оям, оны мәңгі көрмеймін.

Зәмзәм суы сенен арзан, тата алмаған кәусарым,
Сенің әсем мүсініңді сөзбен қалай таусамын?!
Мың Мәжнүн мендей, сірә, тебіренбеген шығар-ау,
Аппақ құсым, қайдасың сен? Аңсадым-ау, аңсадым.

Өмір жайлы

Өмір жайлы сұрай берме сен менен,

Өмірді мен әлі зерттеп көрмеп ем.

Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар,

Қан майданнан жалғыз ұлы келмеген.

Жесір келін, бір нәресте көрмеген,

Жетім шалды бала орнына тербеген.



Өмір жайлы не түсінем мен деген...

Өмір жайлы сұрай берме сен менен.

Өмір жайлы білгің келсе қартқа бар,

Өміріне кегі кеткен, өлмеген,

Жалған айып таңылғанда көлденең,

Ақиқаттың аппақ туын бермеген.



Содан сұра, содан сұра өмірді,

Нені көрді, нені сезді, не білді.

Heгe ақылды ақымақтан жеңілді,

Біреу жылап, біреу неге көңілді?

Содан сұра, содан сұра өмірді!!

Үш бақытым

Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей – кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
... Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен.

Түтін түтет,
Өс, өрбі, көгере бер,
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста :
Жақсылық күтпегейсің!
От емес, оқ сұрасаң менен егер!

Үш бірдей бақытым бар алақанда,
(Мені мұндай бақытты жаратар ма?!)
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!

Шәмілге жазған хаттардан

1

Шәміл-ау!
Хал-жайымды білсең еді,
Білмеймін қайтерімді...
Кім сенеді?
Он жетімде өшіріп алған отым,
Қайтер ең, қайта қарып жүрсе мені?

Бір дертке ұшырадым, бұл күнде мен
Қоштастым сауығыммен, күлкімменен.
Жүрегім жерік болған жағдайы бар
Бір пәле жатыр білем, бүлкілдеген.

Ынтығып ыңқылменен, күңкілменен
Жеткізіп айту қиын құр тілменен,
Бүгін маған жиырма керек боп жүр,
Алдында хор қызының іркілмеген.

Белгілі саған менің маубастығым,
Сабырсыз аузы күйген албастымын.
Кесемді алдыменен үрлеп алам,
Ыссы шайды аузыма алмас бұрын.

Ойласам, талай-талай қыр басыппын,
Досым деп, «доңызбен» де мұндасыппын.
...Шәміл-ау!
Қалың достан қалған сен ең,
Қайтемін?
Ғашықпын мен,
Шын ғашықпын!!!

Ғашықпын!
Ғашықпын деп білдірмедім,
(Белгілі: білдіргенім - бүлдіргенім).
Жарқ етіп, жайдың оты шашылғанда,
Жалт етіп, қарауға да үлгірмедім...

2

«Достардың» ортасына түсіп қалдым...
(Шәміл-ау!
Осы мені ұшықтар кім?)
Желдеріне желігіп пысықтардың,
Кеше мен махаббатқа ішіп бардым.

Бардым-дағы отырдым қарсы қарап,
Ол да отыр.
Түрі жоқ хал сұрамақ.
Сұқтанған жат көздерден жасқандым да,
Тайып тұрдым.
Қашанғы әл шыдамақ.

Тіл қатып, тіс жармадым, үндемедім
Білмеймін білгенін де, білмегенін.
...Мен деген - саудам біткен саудагермін,
Керегім бола қойсын кімге менің?!

О, шіркін!
Қайран күндер.
Сайран күндер!
Қанатын бақыт құсы жайған күндер.
Жалт бұрылып, оқыс бір қарағанда,
Жүзіңнен жүрексініп, тайған кімдер.

Сол күндер ғой - жүректің аңсағаны,
Соған шөлдеп, айызым тамсанады.
Өкініш пе, білмеймін, қуаныш па?
Өз-өзінен жүрегім ән салады.

Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма,
Өзегіңді өртеп дерт, жаншымай ма.
Махаббатқа арнап бір ән шығарсын,
Шәміл-ау!
Шәмші кайда?
Шәмші қайда?

Шәмшіге айт,
Тағы да бір таңдандырсын,
Жындандырсын жүректі, жандандырсын!
Мәңгі өлмес Махаббатым айта жүрер,
Мәңгілік өлмей тұғын ән қалдырсын!

3

Махаббат бүгін және қарамады,
Қарамады...
Жанымды жаралады.
Шәміл-оу!
Білесің бе?
Шын махаббат -
Осылай қарамаудан жаралады!

Мейлі, ол қарамасын, түсінбесін,
Осылай асқақ болсын, кішірмесін.
Бастан ауып баратқан тал түсіме,
Тағдырым көлеңкесін түсірмесін.

Ескермесін, білмесін,
Кете берсін.
Бұл фәниден алаңсыз өте көрсін,
Дәрменсіз менің мылқау махаббатым,
Сірә да, өміріммен өтелерсің...

4

Шәміл-оу!
Күндер өтті,
Айлар өтті.
Алаңсыз қайран күндер қайда кетті?
Махаббат сәулесіне ұрындым мен,
Махаббат өмірімді ойран етті.

Қазір түн.
Көктем түні маужырап тұр.
Отырмын жазбай, сызбай қалжырап құр.
Алдында тереземнің - кәрі қайың,
Көктей алмай бұтағы саудырап тұр.

Ақ нөсер аңырап кеп дүркін-дүркін
ашылар,
Кәрі қайың көктер бір күн.
Махаббат мені, сірә, дауалар ма,
Бет алып бұрылмасқа кеткен, шіркін.

Көшелердің көзінен қан атылып
Қала жатыр,
Қазір түн.
Дала тұнық.
Махаббатты күзетіп, кірпік ілмей,
Бүгін және отырмын таң атырып.

5

Шәміл, Шәміл!
Айналдым жазылмасқа.
Күйрейтұғын түрім бар, жазым бассам.
Қазір менен сауық пен сайран қалған,
Жайына жыр да қалған жазылмастан.

Ойға өріс таппаған, тілге - дерек,
Ойнақы жырым менің кімге керек?
Тулайды тұтқындалған ақтиіндей,
Шығыршықты айналып шыр көбелек.

Жоқ, Шәміл,
Менің ойым бөлек еді,
Басқа жыр, басқа ғұмыр керек еді...
Құл болғам Махаббатқа, менде ерік жоқ,
Еріксіз өмір маған не береді?!

Махаббат түсінбеді, аулақтады,
Арманым кетті мені алдап тағы.
Сая іздеп құр бекерге сабылыппын,
Табыныпнын сағымға ар жақтағы.

...Қазір түн.
Сыртта нөсер.
Сәуір айы.
Көктеген әлдеқашан кәрі қайың.
Сәлден кейін тағы да таң атады,
Тағы да...
Сары уайым...
Сары уайым...

6

Шәміл,
Шәміл!
Шаршадым, қалжырадым.
Ет жүрегім езілді, қан жылады.
Жырым менің - науқастың сандырағы,
Құным менің - тазының қарғыбауы.
Темір емес, мен-дағы адаммын ғой,
Аңнан емес, адамнан жаралдым ғой!
Шәміл-оу
Тұңғиыққа қамалдым ғой!
Қайтермін?!
Қайда барып жазармын бой?!

Тағы түн.
Тағы менен ұйқы қашты.
Қайтемін қаңыраған күйкі басты?
...Алдымда мынау фәни-тыржалаңаш,
Шығарып тілін маған, сиқын ашты.

Махаббат менен кеткен,
Бөлекте жүр.
Мен де бір - жасын түскен терек те бір.
Тіршілік махаббаттан таралған ғой,
Шәміл-оу!
Енді маған керек пе өмір?!

Автограф

Көрер едің,
Шаламын ба, отпын ба,
Білер едің,
Ақынмын ба, жоқпын ба?...
Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда,
Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда.

Түсінер ең,
Езбін бе, әлде ермін бе,
Байқар едің,
Артықпын ба, кеммін бе?..
Мен Спартак бола алмадым, не шара,
Сенің өзің Цезарь болып көрдің бе?!

Сырым да - осы,
Жырым да - осы,
Алдыңда?
Байқашы бір,
Бықсыдым ба, жандым ба?
- Махаңдар жоқ,
Махаңдардың сарқыты -
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!

3 0 ER 0.0692
​​– Дұшпаның бар ма?– дейсің,
Қайдан білем...
Әйтеуір, жүрген жерім – сайран кілең.
Қазақтың қайсы үйіне барсам-дағы,
Алдымда – ақ дастарқан, жайған кілем.

Дұшпаным жоқ-ау деймін, түрі жаман...
(Сірә, мен бұл майданда тірі қалам.)
Қазақтың қайсысымен кездессем де
Қайрылмай кеткені жоқ бірі маған.

Достастым кішісімен, үлкенімен,
Өзімшіл өжетімен, үркегімен.
Ата-қазақ алыста той жасаса,
Алдымен тізіміне тіркері – мен.

Қайғырмаймын соңымнан сөз бөскенге
Білемін бұғатынын кездескенде.
Әйтеуір, жүздерінде жылылық бар,
Қазақтың қайсысымен кездессем де.

– Дұшпаның бар ма?– дейсің,
Қайдан білем...
Асыр caп ортасында ойнап жүрем.
Сірә, мен бақыттымын дұшпаны жоқ,
Үйден шықсам – сауық пен сайран кілең.

// Мұқағали Мақатаев - Дұшпаның бар ма?

1 0 ER 0.0259
Білесің бе, ардақтым?

Білесің бе, құрметтім?
Арасында дүрмектің,
Сені ұмытып кетерімді білмеппін...
Енді, міне, ойланатын күн жетті,
Арасында дүрмектің,
Әлдеқалай жүрмеппін.

Көп нәрсені сезіппін,
Сезіппін де, түйіппін.
Біреулерден жиіркеніп, біреулерді сүйіппін.
Біреулерден аласа, біреулерден биікпін.
Ақыры кеп,
Ат басын саған бұрдым, сүйіктім.

Арманым да, үмітім де,
Сенде екенін ұғындым.
Жәбір көрген сәбидейін, бауырыңа тығылдым.
Ұғындым мен -
Басқаларға жоқ екенін құнымның,
Ая, ардақтым, ая мені...
Алдыңа кеп жығылдым.

Білесің бе, ардақтым?
Саған деген асылымды әркімдерге арнаппын.
Өзімді-өзім алдаппын,
Кешесің бе, ардақтым?
Құлың болып қалмақпын.

Мұқағали Мақатаев

1 0 ER 0.0259
Бүгін менің туған күнім.
Ой, бәле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.
Мына дүние неге жатыр үндемей?!
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
«Мынау - шапан,
Мынау - атың, мін»,- демей.
Мына жұртқа жақпады ма әлденем?!
Бекер өмір сүргенмін бе, әлде мен?
Халқым,
Сенің қасиетіңді білем деп,
Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!
Айтамын деп қуанышың, мұңынды,
Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!
Мен, бәрібір, өзіңменен бір болам,
Өзегіне тепсең-дағы ұлыңды.
...Тойланбаса тойланбасын,
He етейін.
Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.
Қаламымды берші маған, бәйбіше,
Болашаққа арыз жазып кетейін...

Мұқағали Мақатаев

2 0 ER 0.0346
#МұзбалақАқын

Тыңдаған жанның жүрегін шымырлатар, әнге айналған өлеңдері қаншама! Міне, нағыз ақын бақыты!..

Ақиық ақынның 80 жылдығына (2011 жылы) арналған «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!» деп аталатын жазба ақындардың жыр мүшәйрасына ауыздығымен алысқан 150 ақын қатысып, бас бәйгені сойы бөлек, ойы ерек Журсин аға Ерман жеңіп алған болатын. Дәл осы жырымен!
Назарларыңызға ұсынайын.

БАҚ ПЕН СОР

Келді-кетті дүниеге бір ақын,
Өмірі тек өксулерден тұратын.
Ешкім оның ұғынған жоқ мұратын,
Ешкім оған жасаған жоқ рақым.

Ойы биік,
Бойы биік ортадан
Жанды-сөнді лапылдаған өрт-адам.
Ешкім оны сипаған жоқ маңдайдан,
Ешкім оны қаққан емес арқадан.

Басын исе,
адалдыққа иетін
Ешкім оның түсінген жоқ ниетін.
Өзегінен теуіп жатқан өмірді ол
Өгейсімей,
Өліп-өшіп сүйетін!.

Ғашық еді тіршілікке ол байғұс,
Қасіретке құштар еткен қандай күш?!
Кешіп жүрді ол өлеңнің өзенін,
Басына тек бақыт болып қонбай құс.

Досы да жоқ.
Дос дегені — ол да жау.
Жоқшылықтың көз жасына толды ожау.
Оңды-солды шашты жырдан несібе,
Бақытсыздар етсе екен деп талғажау.

...Таусылғанша соңғы демім-тынысым,
Тек өлеңнің тасытам деп ырысын.
Жырдың ғана қабағына қарайлап,
Өмірін де құрбан етті жыр үшін.

Қасіреті қарығанмен қанша ішін,
Жыр-тұлпарға басып соңғы қамшысын.
«Келешекке — сәлемім» деп, өлеңге
Сарқып құйды жүректің қан тамшысын.

Қара өлеңмен көгерер деп көсегем,
Жанын жырға жөргек етіп төсеген.
Бір өлеңге бар ғаламды сыйғызды ол,
Соңғы өлеңім емес пе деп осы өлең.

Білуші еді ол ажалдың күтпесін,
Білуші еді бәрін жазып бітпесін.
Қолындағы қалам сусып түскенде,
Соңғы өлеңнің қойды соңғы нүктесін.

Қолында өлең — қансыраған жансыз хат,
Жылап тұрды жүрегімен жар сыздап.
Тіршілікте қолға түспей, өлгенде
Басына кеп қонып жатты арсыз Бақ.

Тасынғанда — теңіз болып толатын,
Ашынғанда — гүлдей қурап, солатын,
Өлең үшін өмір сүрген сол ақын —
Мұқағали Мақатаев болатын!

@Жүрсін ЕРМАН

1 0 ER 0.0173
Ертең мұзбалақ ақын Мұқағалидың дүниеге келген күні

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ ЖАРЫ ЛАШЫН ӘЗІМЖАНОВАНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Мұқағалидың мінезі өте тік болатын, кей адамдар осы үшін де оған қарсы тұрды. Анда-санда Мұқағалидың тік мінезіне менің "мінезім" де сайма-сай келе кететін. Екеуміз аяқастынан "тіресіп" қаламыз. Бірақ ол райынан тез қайтады. Ақкөңіл, ақеділ емес пе, үй-ішіне кек сақтауды жек көрді. Көбінесе мұндай тіресу бірдеңе жетпегендіктен туатын болуы керек.
Ол үнемі мебельді ауыстырып қоюды жақсы көретін. Көп мебеліміз жоқ. Мен мектепке жұмысқа кетсем, балаларға столдарды сүрткізіп, орындарын ауыстырып қойыпты. Бірде бір жолдасымыздың Ғайни деген әйелі келіп еді:
– Немене, мебель алғансыңдар ма? – деп жан-жағына қарап қалды.
– Жоқ, ә. Бұл Мұқағалидың жалыққанда істейтін бір физкультуралық жаттығуы ғой, – деп шынын айтып едім, ол қатты таңданып қалды.
Мұқағали бала ұстауға да, күтуге де шебер болды. Шолпанымыз туған соң, мен бір жылдан кейін жұмысқа шығып кеттім. Соны әкесі мен балалар күтіп, мені іздетпеді. Мұқағали балаларын жанынан бетер жақсы көрді. Даладан қандай ашуланып келсе де, балаларын көргенде майдай еритін. Төрт перзентінің маңдайынан шертпей өтті. Айбар деген баламыз өте қыңыр, шатақ болып өсті, бірақ Мұқағали Айбар десе, ішкен асын жерге қойды, тіпті оның сондай шатақ мінезіне сүйсініп отыратын. Ең кішкенеміз Шолпан деген қызын "Менің кішкентай поэзиям" дейтін.
Мұқағали өлең жазумен бірге, шахматты, аңға шығуды, балық аулауды өте жақсы көрді. Бір жылы көктемгі балалардың демалысында Мұқаң желігіп, "Қапшағайға барып, балық аулап келемін, балаларыма теңіз көрсетемін" деп болмады. Балық аулайтын неше түрлі құралдар сатып алды. Азық дайындап бердім. Балаларын ертіп, автобуспен Қапшағайға таңертең кетті. Кешке жақын бәрі шаршап-шалдығып үйге келді. Барса, Қапшағай көкпеңбек мұз, қатып жатыр екен. Міне, осындай бір әпендешілік болғаны бар...

***
МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ ЖАРЫ ЛАШЫН ӘЗІМЖАНОВАНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Ауру бір жабысқан соң кетуі қиын екен. Мұқағали тағы ауырып, төсек тартып жатып қалған соң, дәрілерін бердім де, Алмаға тапсырып, жұмысқа кеттім. Үйде бір адам ауырса ештеңенің берекесі болмайды ғой. Кешке келсем Мұқағали ұйықтағандай кейіпте, көзін жұмып жатыр екен. Өңі боп-боз. Жүрегім алай-түлей болып, ас әзірлейтін бөлмеге кірсем, Алмагүлім боздап отыр.
– Папам тіпті нашарлап жатыр ғой, дәрігер шақыр. Ерні кеуіп, әлсіреп қалды. Аздап сусын бердім, көп іше алмайды. Күндіз бір дәрі бергенімде: "Алма, анау балконның бұрышында өрмекшінің торы бар екен. Соған өрмекші бір шыбынды қамап алып, кешке дейін зарлатты. Көріп жатып одан әрі қиналдым. Сол торды құртшы!" деген соң торды сыпырып тастадым, – деді Алмагүл көз жасын сүртіп. "Ақынның жаны не деген нәзік! Өзі әрең отырып, шыбынға жаны ашығанын қара" – деп ойлап отырмын. Алдымда ауыр қайғы күтіп тұрғандай соны ойлап едім денем дірілдеп кетті. Түнге қалса сырқаты одан ары ауырлайтынын білем. Не істерімді білмей, ой түбіне жете алмай отырып, Мұқағали өлеңіне бірінші "сәт сапар" тілеген Әбділда ағамыздан көмек сұрадым. Әбекең қалалық денсаулық бөліміне телефон шалып, жағдайды айтыпты. Бір демде бір топ дәрігер машинамен жетіп келді. Мұқағалиды ептеп қарай бастады, қан қысымын өлшеп, жүрегін тыңдап, уколын салып, дәрісін берді. "Ауруханаға жеткізбесе болмайды, үйде ауыр болады", – деген соң Мұқаңды дереу киіндіріп, ауруханасына апардым. Дәрігерлер бірінен-бірі естіп дереу жәрдемдесе бастады. Солардың арқасында, Әбекеңнің арқасында, Мұқаңның беті бері қарай бастады. Жиырма шақты күн емделіп, тәуір болып, емханадан шықты.

***
МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ ДІНМҰХАМЕД ҚОНАЕВҚА ЖАЗҒАН ХАТЫНАН:

1962 жылы (Н.С.Хрущевтің кезі) біздің ауданды жойып, туған ұжымшарды екі шақырым жердегі жаңа қонысқа аударды. Бұл колхозшылардың қалтасын қағып, көп қиындық келтірді; өз үйіңді қиратып, жаңадан ірге көтеру оңай ма? Әкемнің маңдай тері сіңген мектеп те бұзылды. Ғимарат оның көзіндей көрінуші еді (Бұл шынында да солай болатын, керек десеңіз, асыл мұра ретінде одан бір сурет те қалған жоқ). Аудан іріленген соң, біраз қызмет те қысқартылды. Мен тәуекел етіп, жұмыс та, баспана да болмай тұрып, үлкен үмітпен астанаға көшіп бардым (төрт бала, анам мен зайыбым және кіші інім бар еді). Бір бөлмені отыз сомға жалға алып, "Социалистік Қазақстанға" әдеби қызметкер болып орналастым. Әйелім қазақ тілі мен әдебиетінің маманы бола тұрса да, мектептерде орын болмай шықты. Тіршілікте тұрмыстың түйткілдері көп, үлкен қызым алтыншы сыныпта оқып жүріп апатқа ұшырап, дүние салды. Бір жыл газетте қызмет істеп, демалыс алып ауылға кеттім. Бірінші мамыр мерекесіне тап келіп, онда үш күн кідіріп қалдым. Кешіккенім үшін жұмыстан шығарып жіберді. Енді мен үшін ең қиын күндер туды.

17.V.1974 ж.
(От поэта Макатаева Мукагалия, проживающего в. г. Алма-Ате, по улице Панфилова, 147 кв. 95)

***
МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ КҮНДЕЛІГІНЕН:

25 май, 1974 ж.

Биыл 19 майда өмірімде бірінші рет, бәлки, соңғы рет үлкен кісіге өтініш білдірдім. Оның атына орысша жазып үлкен хат жібердім. Шынымды айтып, ашына бәрін мойындадым. Ешкімнің үстінен шағым айтпадым. Бұл әрекетімнен не шығатыны, мені алдымда не күтіп тұрғаны белгісіз. Хатым қолына тие ме, білмеймін, ол өзі оқып танысар ма екен әлде жоқ па? Мені тек бір нәрсе үміттендіреді: егер ол өзі танысса, сондай үлкен адамда қалайша үлкен жүрек болмайды? Оған өтініш білдіріп отырған көптің бірі емес, ақын ғой, үлкен жанды ақын… Әзірше күтудемін.

29 май, 1974 ж.

Менің үлкен кісім үнсіз, қаламдастарым да үнсіз. Менің тағдырым, ақын тағдыры қалайша ешкімді селт еткізбеді? Білмеймін, мен өзімді өзім әбден аямай айыптап біткенде, олар мені қалайша тағы қайта жазғырмақ? Мен, бәлкім, өзі де оңды біткелі тұрғанда, өтініш айтпайтын жаққа өтініш айтып, шалыс қадам жасап қойдым ба?! Кейде шын жүректен айтқан сырыңның бумерангқа айналып, өзіңе қайта оралып соғуы да ғажап емес. Егер тағы қайтадан бас-көз жоқ сөгу, даттау басталып кетсе, қайтем?

ЖҰЛДЫЗ МҰҚАҒАЛИҰЛЫ:

Әкем кезінде Димаш Ахметұлына хат жазды. Сол кісіден жауапты көп күтті. Əттең, жауап келмеді. Əйтпесе, əкемнің өмірі сəл басқа арнамен ағатын ба еді…

***
АҚЫН КҮЛӘШ АХМЕТОВАНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Мен Мұқағали ағаны алғаш рет 1966 жылы өткен Қазақстан Жазушыларының бесінші съезіне келгенімде көрдім. Мен сонда, ең жас делегат болуым керек. Жамбыл медицина институтының студенті едім. Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев өлеңдерін жаттап алып жүретін кезіміз.
Алматыны алғаш көрген мен "Иссык" мейманханасының алдында қалай қарай жүрерімді білмей кідіріп тұрғанмын. Сол маңда жүрген жігіттердің біреуі "Мұқағали келе жатыр!" – деді де жалт бұрылып ішке кіріп кетті. Оның сөзі мен үшін "Пушкин келе жатыр" дегендей естілді. Есімде қалғаны – қапсағай денелі, биік бойы, ірі келбеті. Жанында біреу бар еді, оған назар аудара алмадым. Көзім тесіп бара жатқан болу керек, Мұқаң өзінің "Сен маған шарфыңды бер, шарфыңды бер" деген өлеңін оқи жақындады. Мен іліп алып, келесі шумақтарын жатқа жалғастырдым. Алдында ғана журналдан оқығанмын. Мұқағали ағаның қуанып кеткенін байқадым.
– Өзің батыр баласың ғой! Өлең жазасың ба? – деп жауабымды күтпестен жанындағы жігітке қарап: "Бізді суретке тарт" – деді.
Өзі бір баспалдақ төмен тұрып:
Биік болса болғаны болашағым,
Мен аласамын,
Өмір сахнасына алған заңды
билетім бар,
Заңды орныма таласамын, – деген шумағын оқыды.
– Ақын болу оңай емес, бауырым!
– Осыны айтып, аздап аяғандай ма, бетіме қарап тұрды да, – өлеңдерің болса "Жұлдызға" тастап кет, – жолың болсын! – деп, тез қоштасып, қонақ үйге беттеді.
Жуырда қолыма тиген мына сурет өлең дүниесіне соқпақ іздеп шыққан сонау жылдардың нәзік сәулелерін есіме түсірді. Сол соқпақтың басында ұлы ақын бізге бір сабақ нұрдай ақ тілек тілеген екен!

12 ақпан, 1993 жыл

Әсет Ақмолданың парақшасынан алынды.

0 0 ER 0.0086
Фариза!
Фаризажан, Фариза-қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жаралмаған жан екем күресуге.
Жылай жүріп, өтірік күлесің де,
Жүресің де қоясың, жүресің де.
Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып,
Тастағысы келеді күресінге.
Фаризажан, сен соны білесің бе?…
Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
…Серіппесі үзіліп тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім…
Ақын болып несіне жаратылдым,
Арасында қап қоймай қара түннің.
Қасиетін сезем деп Ана тілдің,
Қауырсыны қалмады қанатымның.
Қу тірлікке құл болып, аяң басып,
Құлашымды жая алмай баратырмын.
Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,
Аттап өттім олардың қия белін.
Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды,
Жия бергім келеді, жия бергім.
Маңдайымнан сипаған бір жан болса,
Енді қалған өмірімді қияр едім.
Білмеймін, бұзықпын ба, жындымын ба?!
Кеп тұрады тілегім мұңды-мұңға.
Енді қалған өмірдің құрдымында,
Өлтірсе де көмбеймін жырды құмға!
Нөл болады деп айтам, жалтармаймын,
Көбейтсең де қаншама мынды-мыңға…
Айналаға қарайық анық барлап,
(Түн кеткесін, күн шығып, жарық болмақ),
He туралы жырласақ, Фариза-қыз,
Бағыштайық бәрін де халыққа арнап.
Фариза, Фаризажан, Фариза-қыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Том-том болып дүкенде тұрмасақ та,
Подвалдағы архивтен табылармыз…

М.Мақатаев.

0 0 ER 0.0086
БҮГІН
Өлең жоқта — әсер етер жұмбақ та,
Жұлдыздар да жанады ғой күн жоқта.
Аспанда Ай жоқ — жұлдыздар жүр тырмысып,
арыстан жоқ, орынында жүр мысық.
Ұшқындар көп,
Жалғыз жанар жоқта алау,
Сансыз жұлдыз жыпырлап тұр көкте анау:
бұ да аспанға жарасатын сияқты;
Күн орнына, былай қойып ұятты,
Олар-дағы таласатын сияқты.
Бізде де осы... аяқ-жолды анықтар
Сіріңкенің жарығындай жарық бар.
Сондықтан ел көтереді қос қолдап,
ал, біреуді жұлдыз дейді сасқанда.
Жылт еткеннің — бәрі жұлдыз, амал не,
Абайы жоқ аспанда.

Жұмекен Нәжімеденов

1 0 ER 0.0173
Еншіме бүгін тиді қандай күн,
Жеңеді бәрін сабырым.
Сүйе де алмаймын, сүйдіре алмаймын,
Бұл неткен кезең, Тәңірім.

О, Тәңір, неткен келекең мынау,
Сап-салқын әлем айналам.
Ескексіз қайық мен екенмін-ау
Мезгілдің желі айдаған.

Ақылдың бүгін салмағы басым,
Сүйейді ол мені, сүрінсем.
Сен соны түсін, жан қарындасым,
Жан қарындасым, ұғын сен.

Сабырдың шалқар көлі бар мұнда,
Өртеніп, бекер үздіктің.
Мен деген, жаным, сенің алдыңда
Ақылды дәрменсіздікпін.

Дәрменсіз жандар біледі өмірді,
Рас де, мейлі әзіл де.
...Кейін оқырсың бұл өлеңімді,
Сақтап қоя бер әзірге.

Есенғали Раушанов

0 0 ER 0.0000